16 шілде. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР
114 жыл бұрын (1908-1985) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ҒА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Александр Иванович БАРАЕВ дүниеге келді.
Санкт-Петербургта туған. Куйбышев (қазіргі Самара) ауыл шаруашылық институтын бітірген. 1950-1953 жылдары Орал астық сұрыптау стансасының директоры, 1953-1957 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының директоры, 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) директоры болды.
1985 жылы 8 қыркүйекте Целиноград қаласында қайтыс болды.
Бараев егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің негізі – топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын сыдыра жыртып өңдеу әдісін тапты. Ол ауыспалы егіс танабында таза сүдігер жерді қолдануды, дәнді дақылдар егісін қысқа мерзімде аяқтауды ұсынды, өнімділігі аз шалғындар мен жайылымдарды түбегейлі жақсарту, көлдетіп суарылатын жерлерді мейлінше тиімді пайдалану, сортаң жерлерді игеру жүйелерін жасап, өндіріске енгізді. Оның ұйымдастыруымен Қазақ ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтында топырақ баптайтын және тұқым себетін машиналардың жаңа түрлері (сыдыра жыртатын құралдар, аңызға тұқым себетін тұқым сепкіштер, ине тісті тырмалар) сынақтан өткізіліп, тәжірибеге енгізді.
1972 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты. 2 мәрте Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Құрмет белгісі және Халықтар достығы ордендерімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Валерьевич ТЕМІРБАЕВ дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. 1986-1988 жылдары мерзімді әскери қызметтен өтті. 1993 жылы Мәскеу электрондық машина құрылысы институтын радиоинженер-конструктор мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген, халықаралық қатынастар саласының маманы.
1993 жылдан бері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде жұмыс істейді. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті, Мемлекеттік протокол басқармасының атташесі. 1994-1997 жылдары – Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы. 1999-2003 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің Халықаралық қауіпсіздік және қарулануды бақылау басқармасының екінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2003-2005 жылдары – Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы. 2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің Азиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы. 2006-2007 жылдары – Алматыдағы АӨСШК Хатшылығының Саяси бөлімінің басшысы, Қазақстан Республикасының өкілі. 2007-2009 жылдары – «Қазына» АҚ-ның Алматы қаласындағы Өкілдігі басшысының орынбасары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның Корпоративтік даму департаментінің директоры. 2010-2018 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-уәкілі. 2019 жылдың ақпан-қараша айларында Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымында болды.
2018 жылғы тамыздан бастап қазіргі қызметінде.
42 жыл бұрын (1980) С.А. Аманжолов Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Әділбекұлы ТӨЛЕГЕН дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша, 2012 жылы М. Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетін, 2012 жылы Мюнхен Шығыс Еуропа құқығы институтында, 2013 жылы Валенсия политехникалық университетін, 2013 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін жоғары мектеп менеджменті мамандығы бойынша, 2014 жылы Назарбаев университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 2001-2003 жылдары аралығында ҚазГЗУ Солтүстік-Қазақстан заң институтында (Павлодар қ.) әртүрлі қызметтер атқарды. 2003-2006 жылдары аралығында ҚазГЗУ Алматы заң академиясында жұмыс істеді. 2006-2007 жылдары аралығында ҚазГЗУ Құқық және экономика колледжінің құқықтық пәндер бөлімінің меңгерушісі болды. 2007 жылдың маусым-тамыз айларында Алматы қ. Бостандық ауданының №169 сайлау учаскесінің төрағасы лауазымында болды. 2007-2008 жылдары Аралығында – ҚазГЗУ Алматы заң академиясының кәсіпкерлік құқық және қаржы факультетінің деканы (Алматы қ.). 2008-2012 жылдары аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет етті. 2012 жылдың 26 қаңтарынан 2016 жылдың 24 мамырына дейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры (Қостанай қ.) болды. 2016 жылдың 24 мамырынан бастап 2017 жылдың 7 сәуірі аралығында – І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ректоры аппаратының басшысы (Талдықорған қ.).
2018 жылдың 29 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №7-жқ бұйрығына сәйкес С.А. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.
Еңбек ету барысында көптеген ведомствалық және Үкіметтік марапаттарға ие болды: 2014 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, осы жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы-2014» атағын иеленді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің алғысымен, 2017 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен және «Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына 75 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2009 және 2014 жылдары «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 75 жыл» және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» толуына орай мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталды.
46 жыл бұрын (1976) «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Болат Қалауияұлы ЗӘКІРОВ дүниеге келді.
Гурьев (қазіргі Атырау) облысында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және 1998 жылы Данди университетін (Шотландия) бітірді.
Еңбек жолы: 1999 жылдан 2009 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ-да Стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы, Жобаларды басқару департаментінің менеджері, Көлік логистикасы департаментінің бас менеджері, директорының орынбасары, директоры, Перспективалы даму департаментінің директоры, бас директордың даму жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 2009-2011 жылдары «ҚМГ-Транскаспий» ЖШС бас директорының орынбасары, бас директоры болды. 2012-2016 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының кеңесшісі, өндіріс жөніндегі басқарушы директоры, бас директордың даму жөніндегі орынбасары және активтер жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды. 2016-2018 жылдары – «KMG Systems & Services» ЖШС бас директорының кеңесшісі. 2018-2022 жылдары – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай тасымалдау департаментінің директоры, мұнай тасымалдау басқармасының басшысы.
Қазіргі қызметінде 2022 жылдың мамыр айынан бастап.