16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу тетігі әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу тетігі пысықталады. Бұл туралы Astana Media Week 2026 форумында Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов мәлімдеді. 

Қазақстан әлеуметтік желіге тіркелу жасын 16-ға дейін шектемекші: Өзге елдердің тәжірибесі қандай
Фото: Kazinform/ ЖИ

Оның айтуынша, министрлік бұл бағытта цифрлық платформалармен бірлесіп жұмыс істейді. Негізгі міндеттердің бірі — әлеуметтік желі пайдаланушыларының жеке басын растап, жасын анықтаудың тиімді жолын табу. Бұл ретте басқа елдердің тәжірибесі де ескеріледі.

— Ең басты мәселе — пайдаланушының жеке басын анықтау. Бұл — өте күрделі жұмыс. Сондықтан адамның жасын анықтаудың бірыңғай алгоритмін әзірлеу үшін цифрлық платформалардағы әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істейміз, — деді Қанат Ысқақов.

Бірінші вице-министр жоспарланып отырған шектеу тек әлеуметтік желілерге қатысты болатынын нақтылады. Ал WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлерге қолжетімділік сақталады.

Сонымен қатар, ол балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ата-аналардың да атсалысуы маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, балаларды қорғау шаралары олардың білім алуына және пайдалы ақпаратқа қол жеткізуіне кедергі келтірмеуі керек.

— Бұл бастама тиімді болуы үшін кәсіби қауымдастықпен және цифрлық платформалармен бірлесіп жұмыс істейміз. Балалардың білім алуына және өзге де маңызды ақпаратқа қол жеткізуіне шектеу қоймауымыз керек, — деді ол.

Қанат Ысқақов бастаманың сала мамандары мен цифрлық платформалардың қатысуымен кезең-кезеңімен пысықталатынын жеткізді.

Бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.