16 жыл күткен әділдік: сот павлодарлық жетім қыздың баспана құқығын қорғап қалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — ҚР Жоғарғы Соты павлодарлық жетім қыздың тұрғын үй құқығын қалпына келтіріп, оның 2008 жылдан бастап баспана алуға құқығын тануды міндеттеді.
Павлодар облысының тұрғыны Б. 2008 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған соң балалар үйіне орналастырылған. Алайда оны тек 2014 жылы «жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үйге тіркеген.
2023 жылы уәкілетті орган Б.-ны басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткеніне сілтеме жасап, оны кезек тізімінен шығарған. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында талап қоюшы 2008 жылдан, яғни балалар үйіне түскен күннен бастап тіркеу құқығын қалпына келтіруді сұрап, өтініш жазған. Бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, Б. тек бастапқы тіркеу күнінен бастап — 2014 жылдан ғана кезек тізіміне қайта қойылған.
Бұл шешіммен келіспеген талап қоюшы 2008 жылдан тұрғын үйге тіркеу құқығын тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Сот қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты Б.-ның кезек тізіміне уақтылы енгізілмегенін анықтады.
— Талап қоюшының кеш тіркелгеніне оның ешқандай кінәсі жоқ. Кәмелетке толмағандықтан, ол тұрғын үйге құқығын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылған. Б. тәрбиеленген балалар үйі қазіргі уақытта таратылған. Уәкілетті орган талап қоюшының тәрбиеге орналастырылғаны туралы істің мән-жайын заңды бағалауға әсер етуі мүмкін дәлелдерді ұсынбады, — деп хабарлады ҚР Жоғарғы Сотынан.
Сот сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның ережелеріне сәйкес, заңмен белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және кезекке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін кезек тізімінен шығарылуға жатпайтынын ескертті.
Осылайша лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері талап қоюшының конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан. Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін де, жеке лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңсыздығын да анықтағандықтан, Б.-ның балалар үйіне түскен күннен бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға тұрғын үй құқықтары қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында жетім балаларға төлем, киім-кешек және жолдама берілмеген.