16 жыл күттім: Абай қаласында үй кезегінде тұрған 80 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Елорданың 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Қарағанды облысының Абай қаласының тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. 80 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бес қабатты үй «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша салынған.
Ондағы пәтерлер мемлекеттен тұрғын үй алуға кезекте тұрған адамдарға арналған.
«Халықтың әлеуметтік осал топтары» санатынан 9 көпбалалы отбасы, 16 балалар үйінің түлектері және 55 отбасы жаңа қоныстанушылар атанды. Бұл баспана жалдау құқығымен берілген.

Әр пәтерде электр плиталары мен су жылытқыштар орнатылған.
Бірінші қабаттардағы пәтерлер ерекше қажеттілігі бар адамдардың тұруына бейімделген. Кіру топтары көтергіштермен жабдықталған.
Кілттерді тапсыру Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өтті.
«Бүгінде көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және жетім балалар пәтер кілтін алып жатыр. Біз тұрғындардың осы санаттарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын, шаңырақтарыңыз балалардың күлкісіне толы болсын, бақыт пен қуанышқа бөленіңіздер!» – деп өңір басшысы жаңа қонстанушыларды құттықтады.

Бірінші топтағы мүгедек Төлеутай Бөстекбаев пәтерді 11 жыл күткенін айтады.
«Міне, Астананың мерейтойында пәтер кілтін алдым. Мемлекетке өте ризамын», - дейді ол.
Манарбек Балта «жетім балалар» санаты бойынша кезекте тұрып, пәтер алды.
«Пәтерді 16 жыл күттім. Үш балам бар. Тау-кен шебері болып жұмыс істеймін», – деді Манарбек Балта.
Жалғызбасты ана Дәрігүл Мәдениет балаларымен бірге екі бөлмелі пәтерде тұрады.
«Баспанамызды шамамен 12 жыл күттік. Балаларымның қуанышы қойнына сыймай жүр. Мұндай үйлердің біздің қалада салынғаны өте жақсы. Көршілерді қоныс тойымен құттықтаймын. Бұл үй бәрімізге бақыт әкелсін!» – дейді Дәрігүл Мәдениет.
2021 жылы Абайда осындай 80 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Тағы біреуі салынуда. Жаңа үй несиеге беріледі.
Сонымен қатар, жыл сайын кезекте тұрғандар үшін қайталама тұрғын үй сатып алынады.
Биыл сегіз пәтер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 12 пәтерді сатып алу және беру жоспарланған.



