163 адам жарақаттанды: Ташкентте қоймадағы жарылыстың себебі аталды
Өзбекстанның үкіметтік комиссиясы 28 қыркүйек күні түнде Ташкенттегі логистика орталығында болған жарылыстың алдын ала себебін жария етті, деп хабарлайды Kazinform.
Тергеу барысында жарылыс орын алған қоймада химикаттардың көп мөлшері, құрылыс заттары мен өзге де бұйымдар белгіленген талап сақталмай, аралас жатқаны анықталды. Оқиға орнынан алынған үлгілерге негізделген химиялық зерттеу қоймада полиэфир, ксилол, көмірсутегі, натрий гидроксиді, сутегі тотығы, этиленгликоль және жоғары молекулалы көмір қышқылдарының эфирлері сияқты химиялық заттардың болғанын көрсетті.
«Бұл заттар қоймада сақталған сутегі тотығы, алкид шайыры, алкилбензолсульфон қышқылы, латекс, полиэфир шайыры, каустикалық сода және бояу өнімдерінің құрамдас бөліктері саналады әрі өрт қаупі және жарылыс қаупі бар. Жарылыс қаупі бар заттардың өзара әрекеттесуі салдарынан қоймадағы материалдар химиялық жолмен өздігінен жанып, жарылыстың себебіне айналған», - делінген комиссия қорытындысында.
Төтенше оқиға салдарынан 300-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйдегі 1 370 пәтердің қасбеті, терезелері, есіктері, шатырлары зақымданды. Жалпы шығын 14,5 млрд сомды құрайды.
Жарылыстан 163 адам зардап шекті. Оның 150-і жеңіл, 13-і ауыр жарақат алды. Кәмелетке толмаған бір бала ауыр жарақаттан көз жұмды.
Өзбекстан ІІМ Терегу комитеті Қылмыстық кодекстің 259-бабы 2-тармағының «а» және «б» тармақшалары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Естеріңізге сала кетсек, 28 қыркүйекке қараған түні Ташкенттің Сіргелі ауданы «Құрылысшылар» филиалындағы «Inter Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі қоймада күшті жарылыс болған еді.