17-20 мамырда Астанада және республиканың 6 өңірінде түнде үскірік жүреді деп күтілуде
АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» РМК болжауынша, 16 мамырда республиканың басым аумағында атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты жекелеген жерлерде
найзағаймен жауын-шашын болып, жел күшейеді, республиканың солтүстігінде ауа температурасы төмендейді.
Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, күндіз Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде 15-20 м/с-қа дейін жел күшейеді. Түнде Солтүстік Қазақстан облысының жекелеген жерлерінде тұман болады.
15-17 мамырда Қостанай, Солтүстік Қазақстан, 16-17 мамырда Ақмола, Павлодар облыстарында күндіз ауа температурасы 15-20 градусқа дейін төмендейді, кей жерлерде 23 градус жылылықты көрсетеді.
17-20 мамырда түнде Астана, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында -3 градусқа дейін үскірік болады деп күтілуде.
Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығыстың жекелеген жерлерінде, шығысында өрттің жоғары қаупі байқалады деп күтілуде.
Алдағы тәуліктерде республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысының таулы өзендерінде су деңгейінің ауытқушылығы байқалады. Батыс Алтайдың жекелеген өзендерінде су деңгейі артады.