17,4 миллион адам санақ сауалдарына жауап берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 17,4 миллионнан астам адам санақ сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

17,4 миллион адам санақ сауалдарына жауап берді

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, қазақстандықтардың 91,6%-і немесе 17 428 058 адам Жалпыұлттық халық санағына қатысты. Азаматтардың 40,4%-і санақтан онлайн, 51,2%-і офлайн өтті.

«Санақтан өткендер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда санаққа қатысқандар қатары бұған дейін тіркелген халық санына шаққанда 107,5%-ы. Яғни, қолда бар мәлімет бойынша Алматы тұрғындарының саны 2 005 496 деп көрсетілген. Ал санақ сауалдарына 2 154 907 адам жауап берген. Демек, халық санағы қазірдің өзінде мегаполис халқының нақты санын көрсетуге көмектесетінін сеніммен айта аламыз»,- деді Нұрболат Айдапкелов.

Екінші орында Түркістан облысы, онда халық санағына 98,6% немесе 2 032 333 адам қатысты. Үшінші орында Жамбыл облысы, мұндағы санақтан өткендер саны халықтың 98,6%-ін немесе 1 129 863 адамды қамтиды.