17 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

Туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

59 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Аманкелді Аманиязұлы АБДОЛОВ дүниеге келді.

АБДОЛОВ Аманкелді Аманиязұлы
Фото: Gov.kz

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында туған. 1992 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетінің кундізгі бөлімін бітірген.

Заңгерлік жолын 1992 жылы ауданаралық табиғат қорғау прокуратурасында прокурор көмекшілігінен бастаған. 1995-1999 жылдары Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, Махамбет ауданы, Балықшы ауданы прокурорының аға көмекшісі, Атырау облыстық прокуратурасы бөлімінің прокуроры болып жұмыс істеді. 1999-2002 жылдары Қызылқоға ауданының прокуроры қызметін атқарды. 2002-2005 жылдары Исатай ауданының прокуроры, 2005-2009 жылдары Атырау облысы прокурорының көмекшісі болып жұмыс істеді. 2009-2010 жылдары Атырау облысы соттары әкімшісінің орынбасары, 2010-2011 жылдары Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің бастығы, 2011-2015 жылдары Атырау облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының төрағасы, жеке сот орындаушысы, 2015-2022 жылдары ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы Президиумының төрағасы, 2022-2024 жылдары Атырау облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары, жеке сот орындаушысы лауазымын атқарған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Дініқұлұлы СМАНОВ дүниеге келді.

Нұржан Дініқұлұлы СМАНОВ
Фото: instagram.com/sauyt_shymkent/

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында туған. 2008 жылы Шымкент әлеуметтік-педогогикалық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітіріп, дене шынықтыру және спорт біліктілігі және бакалавр академиялық дәрежесі берілген. 1998 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде құқықтану мамандығын бітіріп, заңгер біліктілігін алған. 1989 жылы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түскен, 1994 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы ҚР туризм және спорт министрлігінде спорттан нұсқаушы болып бастаған. 1997-2000 жылдары «Динамо» сауықтыру спорт кешенінде спорттан инспектор болып істеген. Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі Істер бас басқарма полициясының аға лейтенанты, сондай-ақ ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-оқытушы болып қызмет атқарған. 2000-2008 жылдары ШФ «Казкоммерцбанк» АҚ-ның қауіпсіздік бөлімінің инкассация қызметінің бастығы болды.

1987 жылы 15 жаста бокстан Кеңес Одағының Чемпионы және КСРО спорт шеберін алған. 18 жасында Еуропа Чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанған. 1988 жылы Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алған. Халықаралық аренада спорттан елеулі жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап, талай-талай Қазақстан Республикасының ән ұранын шырқатып, туын желбіреткен. Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Алтын белбеу иегері. 1996 жылы Атлантада (США) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы (5-орын). Қазақстан құрама командасын басқарып, 5 жыл ұлттық құрама командасының капитаны болған. Спорт мансабында 52 медаль ұтып алған. Оның ішінде: 35 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль.

52 жыл бұрын (1974) Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанболат Бектұрсынұлы ШОРТАНБАЕВ дүниеге келді.

Жанболат Бектұрсынұлы ШОРТАНБАЕВ
Фото: instagram.com/zhezvestnik09/

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай ауылында туған. 1996 жылы Қарағанды политехникалық институты Жезқазған филиалының тау-кен факультетін бітірген, мамандығы бойынша инженер-экономист. 2000 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1996-1998 жылдары «Жезқазған – кен» АҚ экономисі, 1999 жылы Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау басқармасының Жезқазған ауданаралық көліктегі және автожолдардағы бақылау бөлімінің бас маманы, 2000 жылы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы «Ақпарат» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Ақпарат Қарағанды» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының маманы, 2000-2005 жылдары Қарағанды облысы Жезқазған қаласы прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған. 2005-2013 жылдары Жезқазған қалалық сотының судьясы болды. 2013-2018 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметін атқарған. 2018-2022 жылдары Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының төрағасы болды.

2022 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Еркінқызы ТОМПИЕВА дүниеге келді.

Салтанат Еркінқызы ТОМПИЕВА
Фото: primeminister.kz

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша, Тулуза бизнес-мектебін (Франция) авиациялық-ғарыштық менеджмент саласындағы іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесімен тәмамдаған. Сондай-ақ, Азаматтық авиация менеджменті бойынша ИАТА халықаралық әуе көлігі қауымдастығында білім алған.

Азаматтық авиация саласындағы еңбек жолын 1998 жылдан бастап Азаматтық авиация комитетінің авиациялық қауіпсіздік секторының жетекші маманы болып бастады. 1999-2008 жылдары стратегиялық жоспарлау бөлімі, авиациялық қызметтер нарығын қалыптастыру бөлімі, әуежайлар қызметін реттеу басқармасы, әкімшілік-құқықтық жұмыс және халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

2008-2012 жылдары Әуе кеңістігін пайдалану басқармасы, Халықаралық стандарттарды енгізу басқармасы, Халықаралық қатынастар басқармасының бас сарапшысы ретінде еңбек етті. 2012-2019 жылдары Халықаралық қатынастар және авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы және авиациялық тасымалдардың бас мемлекеттік авиациялық инспекторы қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары, 2022-2024 жылдары «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

Қазіргі лауазымын 2024 жылғы ақпан айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

44 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы Роман Алмаханұлы ТӨРЕХАНОВ дүниеге келді.

Роман Алмаханұлы ТӨРЕХАНОВ
Фото: Ақорда

Түркістан қаласында туған. 2002 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін, 2004 жылы Қ.А.Ясауидің атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құқықтану мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары Түркістан қаласы олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы болды. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдар атқарған, ҚР Президентінің Күзет қызметі басшысының орынбасары болды.

Спорттық жетістіктері: самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2000); самбодан 2000, 2002 жылдары Азия чемпионы, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері (2002). Қазақша күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2003 ж. Азия чемпионы); дзюдодан спорт шебері (2004); қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері (2008); «Оққағар» көпсайыс бойынша спорт шебері (2009); бразилиялық джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2016 ж.); джиу-джитсудан 94 кг салмақта және абсолютті категорияда 2 дүркін әлем чемпионы; Грелинг күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2017 жылы 3 дүркін әлем чемпионы, 2023 жылы екі рет); карабин, тапанша, тапанша-пулеметтен практикалық атудан спорт шебері (ҚР 7 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 2015-2017 жж.).

2024 жылдың ақпанынан бері қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әділұлы ӘЛІБЕКОВ дүниеге келді.

Олжас Әділұлы ӘЛІБЕКОВ
Фото: Gov.kz

Қарағанды қаласында туған. 2007 жылы Қазақ-Британ техникалық университетін «Есептеу техникасы мен желілердің бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуі» мамандығы бойынша, 2010 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы «СЕЕ Автоматика» ЖШС-да автоматтандыру инженері болып бастаған. 2010-2011 жылдары «Қазақэнергиясараптама» акционерлік қоғамының стратегиялық талдау басқармасының менеджері, 2011-2014 жылдары «Қазақэнергиясараптама» АҚ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру департаментінің директоры, 2014 жылы «Электроэнергетиканы дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ энергия үнемдеу және мемлекеттік энергетикалық тізілім департаментінің директоры, 2015-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы, 2017-2019 жылдары «Электроэнергетиканы дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, 2021-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары болды.

2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

95 жыл бұрын (1931-1992) тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Рамазан Бимашұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

 Рамазан Бимашұлы СҮЛЕЙМЕНОВ
Фото: Wikipedia

Бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының аспирантуарсын бітірген.

Еңбек жолы: 1959-1988 жылдары ҚР Ғылым академиясы Тарих, археология жәнее этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры, 1986-1992 жылдары ҚР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, 1992 жылы ҚР Ғылым академиясының Ұйғыртану институты жанындағы Шығыстану орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған.

Бірнеше кітаптың авторы, 240-тан астам ғылыми еңбектері жарияланған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальмен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум