17 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Қарулы күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-майор Болат Исатайұлы ҚЫРҒЫЗБАЕВ дүниеге келді.

Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК Жоғары шекаралық командалық училищесін (1980); М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны (1992) бітірген.

Еңбек жолы: 2008-2011 жылдары КСРО МҚК Қызыл Тулы Шығыс шекара округінде және ҚР ҰҚК шекара қызметінде түрлі лауазымдарда, ҚР ҰҚК шекара қызметі барлау бас басқармасының бастығы, ҚРҰлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры болып қызмет атқарған. 2011-2012 жылдары ҰҚК Академиясы бастығының кадрлар жөніндегі орынбасары, 2012-2016 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ қауіпсіздік жөніндегі бас директорының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ омбудсмені қызметінде болды. 2018 жылдан «ҚазТрансОйл» АҚ Қазтехнология» басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді.

6 ведомстволық наградамен, Қазақстан Республикасының, Ауғанстан Республикасының 12 медалімен марапатталған.

53 жыл бұрын (1971) Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Жанболат Аманұлы ҚАЛЕТАЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы. 1995 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 2002 жылы Орталық Азия университетін бітірген.

Ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет етеді, өңірлік полиция департаментінің бөліністерінде біраз жылдары басшылық лауазымдарда болған. 2019-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі лауазымын 2021 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Дініқұлұлы СМАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында туған. 2008 жылы Шымкент әлеуметтік-педогогикалық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітіріп, дене шынықтыру және спорт біліктілігі және бакалавр академиялық дәрежесі берілген. 1998 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде құқықтану мамандығын бітіріп, заңгер біліктілігін алған. 1989 жылы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түскен, 1994 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы ҚР туризм және спорт министрлігінде спорттан нұсқаушы болып бастаған. 1997-2000 жылдары «Динамо» сауықтыру спорт кешенінде спорттан инспектор болып істеген. Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі Істер бас басқарма полициясының аға лейтенанты, сондай-ақ ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-оқытушы болып қызмет атқарған. 2000-2008 жылдары ШФ «Казкоммерцбанк» АҚ-ның қауіпсіздік бөлімінің инкассация қызметінің бастығы болды.

1987 жылы 15 жаста бокстан Кеңес Одағының Чемпионы және КСРО спорт шеберін алған. 18 жасында Еуропа Чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанған. 1988 жылы Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алған. Халықаралық аренада спорттан елеулі жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап, талай-талай Қазақстан Республикасының ән ұранын шырқатып, туын желбіреткен. Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Алтын белбеу иегері. 1996 жылы Атлантада (США) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы (5-орын). Қазақстан құрама командасын басқарып, 5 жыл ұлттық құрама командасының капитаны болған. Спорт мансабында 52 медаль ұтып алған. Оның ішінде: 35 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль иегері.

50 жыл бұрын (1974)  Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанболат Бектұрсынұлы ШОРТАНБАЕВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалының тау-кен факультетін бітірген, мамандығы бойынша инженер-экономист. 2000 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1996-1998 жылдары «Жезқазған – кен» АҚ экономисі, 1999 жылы Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау басқармасының Жезқазған ауданаралық көліктегі және автожолдардағы бақылау бөлімінің бас маманы, 2000 жылы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы «Ақпарат» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Ақпарат Қарағанды» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының маманы, 2000-2005 жылдары Қарағанды облысы Жезқазған қаласы прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған. 2005-2013 жылдары Жезқазған қалалық сотының судьясы болды. 2013-2018 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметін атқарған. 2018-2022 жылдары Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының төрағасы болды.

2022 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы Роман Алмаханқлы ТӨРЕХАНОВ дүниеге келді.

Түркістан қаласында туған. 2002 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін, 2004 жылы Қ.А.Ясауидің атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құқықтану мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары Түркістан қаласы олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы болды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдар атқарған, ҚР Президентінің Күзет қызметі басшысының орынбасары болды.

Спорттық жетістіктері: самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2000); самбодан 2000, 2002 жылдары Азия чемпионы, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері (2002). Қазақша күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2003 ж. Азия чемпионы); дзюдодан спорт шебері (2004); қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері (2008); «Оққағар» көпсайыс бойынша спорт шебері (2009); бразилиялық джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2016 ж.); джиу-джитсудан 94 кг салмақта және абсолютті категорияда 2 дүркін әлем чемпионы; Грелинг күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2017 жылы 3 дүркін әлем чемпионы, 2023 жылы екі рет); карабин, тапанша, тапанша-пулеметтен практикалық атудан спорт шебері (ҚР 7 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 2015-2017 жж.).

2024 жылдың ақпанынан бері қазіргі қызметінде.

40 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әділұлы ӘЛІБЕКОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. 2007 жылы Қазақ-Британ техникалық университетін Есептік техникамен желілік багдарламалар және аппараттық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша тәмамдаса, 2010 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы «СЕЕ Автоматика» ЖШС автоматтандыру жөніндегі инженері болып бастаған. 2010-2014 жылдары «ҚазақЭнергоСараптама» АҚ орталық аппаратының стратегиялық талдау басқармасының менеджері болып жұмыс істеді, кейіннен энергия үнемдеу және энергия тиімділігі департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. 2014-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы лауазымында еңбек етті. 2017-2020 жылдары «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2020 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келеді.

93 жыл бұрын (1931-1992) тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Рамазан Бимашұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының аспирантуарсын бітірген.

Еңбек жолы: 1959-1988 жылдары ҚР Ғылым академиясы Тарих, археология жәнее этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры, 1986-1992 жылдары ҚР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, 1992 жылы ҚР Ғылым академиясының Ұйғыртану институты жанындағы Шығыстану орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған.

Бірнеше кітаптың авторы, 240-тан астам ғылыми еңбектері жарияланған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальмен марапатталған.