17 ақпан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 17 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Риясыз мейірім көрсету күні
Бұл мейрамды азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бүкіл адамзат атап өтуге болады. Бұл күні, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, айналадағылардың бәріне шексіз мейірімді болуға тырысу керек.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2005 жылы Парламент Сенатының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы, танымал мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы «Даналар кеңесінің» мүшесі болды. «Даналар кеңесіне» Ванкуверден Владивостокқа дейін ЕҚЫҰ қызмет ететін барлық аймақтың өкілдері кіреді.
2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыртқы барлау қызметі – «Сырбар» құрылды. Жарлықта атап өтілгендей, ҚР-ның 2007-2012 жылдары Ұлттық қауіпсіздігі стратегиясын іске асыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және Қазақстанның арнайы қызметтер құрылымын жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі құрылды. Мемлекеттік орган ретінде ол тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынып, есеп береді. Аталған Жарлыққа сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі таратылды.
2013 жылы қазақстандық оператор Әзиз Жамбакиев «Уроки гармонии» фильмі үшін Берлин кинофестивалінің жүлдесіне ие болды. Бұл әйгілі Берлин кинофестивалінде қазақстандық киногерлердің алған алғашқы жүлдесі еді.
2016 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. «Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.
2017 жылы Астанада 10 жастағы Аймен Нұржан ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтары мен келушілеріне ыңғайлы болуы үшін «ЭКСПО-гид» мобильді қосымшасын әзірледі. Онда халықаралық көрмеге қатысушы елдердің павильондары геолокациямен көрсетілген. Қосымша көмегімен кез келген адам көрменің қай павильонына қалай бару қажеттігін біліп қана қоймай, мейрамханалар, такси мен автобустар, анықтама бюросы қызмет түрлерін де ала алады.
2018 жылы Түркияның Кастамону қаласында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен 2017 жылды қорытындылау жиынында түркітілдес елдердің рухани өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтардың есімдері үздіктер қатарында аталды. ТҮРКСОЙ ұйымының және бауырлас мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы мен бірлігін насихаттауға ерекше еңбегі сіңген Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Гагаузия, Солтүстік Кипр, Болгария, Македония, Түркия елдерінің ақын-жазушылары мен журналистеріне «Баспасөз сыйлығы» мен арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Марапатталғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының редакторы Мәдина Әйтпенбетова мен Kazinform халықаралық ақпараттық агенттігінің редакторы Жанар Мұхамедиярова да бар.
2021 жылы қазақстандық Тауфик Кәрімов Халықаралық Лондон премиясының лауреаты атанды. Жазушы «Жұлдыздар» аталымында «Шағын проза» номинациясы бойынша Чарльз Диккенс сыйлығын иеленді. Оның байқауға қатысқан туындысы – ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген «Fata Morgana» кітабы. Халықаралық Лондон сыйлығын ұйымдастырушылардың арқасында әр елдің 500-ден астам ақын-жазушысы әлемдік аренаға шығып, өзін шетелдік аудиторияға таныта алды.
2022 жылы «Схема» фильмі 72-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің Generation конкурстық бағдарламасында (балалар мен жасөспірімдер туралы фильмдерге арналған) Гран-при жеңіп алды. Марапатты фильм режиссері Фархат Шарипов алды. Күрделі тақырыпта түсірілген кинотуындының желісі кастингке келген жасөспірімдердің жеке оқиғаларына негізделген. Басты рөлді дебютант актерлер Виктория Романова мен Таир Свинцов ойнады. Қоюшы-оператор Александр Плотников, қоюшы-суретші Алексей Шиндин болды. Продюсері –Дина Жұмабек.
2022 жылы Көкшетау қаласының NIS оқушысы Айлана Өмірзақ (4-сынып) ««Экодорба» тақырыбындағы ғылыми жұмысы бойынша авторлық құқыққа ие болды. Жас ғалым қоршаған ортаны зиянды заттардан сақтау мақсатында экоқапшықтар ойлап тапқан. Жобаның артықшылығы – қапшықтар ыңғайлы, берік, ең бастысы, экологияға зияны жоқ және бұл өнімді тұрмыста да кеңінен пайдалануға болады.
2023 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде азық-түлік бағасының өсуін тежеу шаралары туралы айтты. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын шектеу жұмыстары 2022 жылдың күзінде басталды. Бұл мақсаттарға әкімдік 15 млрд теңге бөлді. Ірі желілер жеткізушілермен тікелей жұмыс істей бастады, сондықтан бағалар төмендеді.