17 денсаулық сақтау нысанында жылу беру маусымына дайындық баяу - С. Нокин
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Республика бойынша 17 денсаулық сақтау нысанында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталған жоқ.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті. Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 20 қаңтарындағы ахуалға орай 9867 білім беру нысаны, 6613 денсаулық сақтау нысаны, 36834 тұрғын үй жылу беру маусымына дайын. «17 денсаулық сақтау нысаны бойынша дайындық жұмыстары аяқталған жоқ. Олар Оңтүстік Қазақстан облысында - 8, Шығыс Қазақстанда - 5, Маңғыстауда - 2 және Астанада - 2 нысан. Әкімдіктерге денсаулық сақтау және білім беру нысандарының дайындығына назар аударуы әрі денсаудық сақтау және білім және ғылым министрліктерімен бірлесіп аяқталмаған нысандарды дайындауды қамтамасыз етуі қажет»,-деді ол. Оның атап өтуінше, көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындық деңгейі Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 90 пайыздық деңгейге жеткен жоқ. «Әкімдіктер тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындықты аяқтауды және бекітілген кестеге сәйкес нысандарды орталықтандырылған жылу беру жүйесіне қосуды бақылауға алуы керек»,-деді вице-министр.