17 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

17 қазан. СЕНБІ
Кедейшілікті жою жолындағы халықаралық күрес күні. Бұл күн «АТД-Eourth World» атты француз қайырымдылық қозғалысының және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярдың бастамасымен атап өтіледі.
АҚШ-тағы негр нәсілділер поэзиясының күні. Америкада қара нәсілділер арасынан шыққан тұңғыш ақын Юпитер Хэммонды еске алу мақсатында жыл сайын атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
34 жыл бұрын (1981) Алматыда Мәскеу және Алатау аудандары құрылды.
34 жыл бұрын (1981) Алматының миллионыншы тұрғыны Бауыржан Қадырсызов дүниеге келді. Желтоқсанның 29-да партия басшыларының, еңбек ұжымдары өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қатысумен неке сарайында баланы салтанатты тіркеу рәсімі өтті. Сәби дүниеге келген жас отбасына «Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны» естелік медалі, қаланың символдық кілті мен жаңа пәтердің кілті табыс етілді.
23 жыл бұрын (1992) Алматы облысының Күрті ауданында батыр, ғалым Қазыбек бек Тауасарұлына ескерткіш орнатылды.
23 жыл бұрын (1992) Қызылорда облысының Қазалы ауданында қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресінің көшбасшыларының бірі Жанқожа батырға ескерткіш орнатылды.
15 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының «Шағын кәсіпкерлік бойынша Республикалық ақпараттық-көрме орталығы» жабық акционерлік қоғамды құру туралы» Қаулысы шықты.
14 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік басқаруды жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойды.
11 жыл бұрын (2004) 17-18 қазанда Душанбеде «Орталық Азия Ынтымақтастығы» (ОАЫ) Ұйымына мүше Мемлекеттер басшыларының отырысы өтті.
10 жыл бұрын (2005) Өскеменде «Менің қалам» қоғамдық қоры құрылды.
10 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын жүргізу жөніндегі Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Заң жер қойнауы саласы бойынша мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
8 жыл бұрын (2007) Қазақстанның футболдан құрама командасының www.sbornaya.kz. атты сайтының тұсаукесері өтті. Жобаның мақсаты - жас қазақстандық команда жайында ақпарат тарату, Қазақстанда футболды жұртшылыққа әйгілеу, жанкүйерлерді біріктіру. Сайт құрама команда жайындағы жаңалықтар және сараптама ақпараттарынан тұрады. Жоба ҚР Футбол федерациясының қолдауымен құрама команда жанкүйерлерінің бастамасы бойынша құрылды.
8 жыл бұрын (2007) ҚХР-ғы ҚР Елшілігі Бейжіңде Қытайдағы Қазақстанның Мәдениет күндерінің аясында шығарылған көркем иллюстрациялық журналдың тұсаукесері өтті.
Журналдың 4 бөлімінде Қазақстан тарихын баяндайтын суреттер мен материалдар бар, қазақ және қытай тілінде өзара қарым-қатынастар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен екі ел арасындағы байланыстардың дамуы, қазақстандық мәдениеттің тарихы мен дәстүрі қамтылған. Арнайы бөлімде ежелгі және қазіргі заманғы қазақ халқының музыка аспаптары көрсетілген.
7 жыл бұрын (2008) 17-нен 19-шы қазан күндері Түркия Республикасы Ризе қаласының университетінде Махмуд Қашқаридың туғанына 1000 жыл толуына арналған «Ата сөздігіміз, рухани кенішіміз» халықаралық симпозиумы болып өтті.
7 жыл бұрын (2008) Астанада «Ортақ әлем: әр түрлілік арқылы прогреске» Халықаралық форумы өтті. 56 елдің СІМ басшылары мен 10-нан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты - мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы жағымды қарым-қатынастарды қалыптастыру және нығайту.
6 жыл бұрын (2009) Павлодарда соғыс ардагері, саяси қайраткер Уақап Сыздықов (1924-1992) тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты шараға қатысқан оның туыстары, достары және қызметтестері Уақап Сыздықовтың ұйымдастырушылық дарынын, шексіз еңбексүйгіштігін еске алды.
Уақап Сыздықов Лебяжі ауданының Тілектес ауылында дүниеге келген, сонда тоғызыншы сыныптан кейін балаларға өзі сабақ бере бастаған. 1942 жылдың қыркүйегінде, әскери курсты тәмамдағаннан кейін, кіші лейтенант Уақап Сыздықов Брянск майданына аттанады, онда 235-ші атқыштар дивизиясында взвод командирі болады. Екі рет жараланады, жауынгерлік ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. У.Сыздықовтың еңбегі Октябрь Революциясы, «Құрмет белгісі», Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту ордендерімен және бірнеше медальмен атап өтілген.
6 жыл бұрын (2009) Қазақстанның Германиядағы жылының аясында Қазақстанның Берлиндегі Елшілігінің және Франкфурттегі Бас консульдықтың қолдауымен, Франкфурт кітап жәрмеңкесінде Олжас Сүлейменовтің «Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабы неміс басылымының таныстырылымы өтті.
«Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабының таныстырылымында автор Олжас Сүлейменов қауымды өз туындыларымен қысқаша таныстырып өтіп, өлеңдерінен үзінді оқыды.
Олжас Сүлейменовтің «Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабы Қазақстанның Германиядағы Елшілігі немістің «J&D Dagyeli Verlag», «Önel Verlag&Druck» және «Schiler Verlag» басылымдарымен бірлесіп жүзеге асырып отырған «Қазақ кітапханасы» жобасының аясында таныстырылып отыр. Осынау ынтымақтастықтың арқасында бүгінде неміс оқырмандарының кітап сөрелерінде Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Әбіш Кекілбаевтың, Тахауи Ахтановтың неміс тіліне аударылған туындылары тұр.
6 жыл бұрын (2009) Атырауда украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченкоға арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Ескерткіш тақта Шевченко көшесіндегі үйдің алдыңғы жағында орналасқан. Бұл ғимарат Атырау (Гурьев) қаласының ескі орталығында орналасқан, онда 1850 жылы Тарас Шевченко Маңғышлақ түбегіне жер аудару кезінде осы көшеде болған.
4 жыл бұрын (2011) Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Мұхтар Әуезов және Тәуелсіз Қазақстан» атты конференция өтті. Іс-шара Мұхтар Әуезовтің шығармаларын насихаттау мақсатымен өтті.
4 жыл бұрын (2011) Алматыда қазақ композиторы, Халық Қаһарманы, ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды.
3 жыл бұрын (2012) Ақтөбеде құны 223 млн. еуроны құрайтын рельс-арқалық зауытының құрылысы басталды. Зауыт Ақтөбенің индустриялық аймағында орналасқан.
2 жыл бұрын (2013) Астанада тұңғыш рет «Astana International Auto Salon-2013» халықаралық автокөлік көрмесі өтті.
2 жыл бұрын (2013) АҚШ-та қазақ әдебиетінің «Ұлы даланың әңгімелері: қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы» атауымен бірінші қазақ әдебиеті антологиясының таныстырылымы өтті. Шарада сөз сөйлеген Қазақстан елшісі Қайрат Омаров қазақтың жазушылары мен ақындарының таңдамалы шығармалары енген аталған басылымның жоғары мәдени бағасын атап өтті.
2 жыл бұрын (2013) Қарағандыдағы «Kaz-metiz» ЖШС-нің зауытында тау-кен қазу және металлургия өнеркәсібі, энергетикалық және құрылыс секторы үшін болат арқандарды шығару желісі іске қосылды.
Жобаның құны - 905 млн. теңге, соның ішінде 650 млн. теңге - қарыз қаражат. Желінің өндірістік қуаттылығы - жылына 5000 тонна. Кәсіпорын бұл көлемге біртіндеп 2017 жылы өтпекші.
Бір жыл бұрын (2014) Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Азия-Еуропа» форумының 10-шы саммитіне қатысты.
Басты тақырыбы «Орнықты даму және қауіпсіздікті нығайту жолындағы жауапты серіктестік» деп аталатын форум жұмысына 50-ге жуық елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Қазақстан Орталық Азиядан осы форумның мүшесі мәртебесіне ие болған бірден-бір ел болып саналады.
Бір жыл бұрын (2014) «AlmatyInvest 2014» ІІ Халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оның барысында 560 млн. долларға жуық сомасына бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
Бір жыл бұрын (2014) Қазақстандағы Leica Geosystems Kazakhstan швейцариялық компаниясының базасында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінінде «Маркшейдер ісі мен геодезия» кафедрасының филиалы ашылды.
ЕСІМДЕР
77 жыл бұрын (1938) философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СӘБИТ Мұрат дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтында, Қазақ сәулет-құрылыс академиясында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет істеген. Негізгі ғылыми еңбектері диалектика теориясы және ғылым мен техника философиясына арналған. Диалектиканың бірқатар категориялары мен принциптерін, олардың логикалық, танымдық-теориялық маңызын, ғылыми теория құруда атқаратын рөлін кванттық механиканың қалыптасуы мен даму жолына байланыстыра зерттеп, нақтылы талдау жасаған. Ғылыми еңбектерінде кванттық механиканың өзіне тән ішкі ерекшеліктерінің (белгісіздік қатынастары, корпускулярлық-толқындық дуализм заңдарының ықтималдылық сипаты, сәйкестік және толықтырғыштық принциптері) мәні ашылды. Бұл теорияның философиялық-логикалық мәселелері зерделеніп, оны талдаудың диалектикалық-логикалық концепциясы негізделді.
76 жыл бұрын (1939) сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі БАЙМЫРЗАЕВ Орысбай Жұбайұлы дүниеге келді.
Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында туған. Мәскеу архитектура институтын бітірген. 1967 жылдан бастап Қарақалпақстан құрылыс және сәулет істері жөніндегі басқармасының аға сәулетшісі, Беруни қаласының бас сәулетшісі болды. 1970-1982 жылдары - Алматы қала құрылысын жобалау институтының сәулетшілер тобының жетекшісі, жобалау шеберханасының жетекшісі. 1982-1983 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығының орынбасары, қаланың бас сәулетшісінің орынбасары. 1983-1993 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығы, 1993 жылдан «Рахат» біріккен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
О.Баймырзаев - Қазақ драма театры, «Байланыс» көрме павильоны, Жер серіктерімен байланыс жасайтын зертханасы мен «Рахат» қонақ үйі ғимараттарының авторы.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
72 жыл бұрын (1943) жазушы КҮМІСБАЙҰЛЫ Шәкен дүниеге келді.
Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы шет тілдер педагогикалық институтының неміс тілі факультетін бітірген. Ақсуда мұғалім, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Қазақ елі», «Ана тілі» газеттерінде әдеби қызметкер болған. Республикалық «Айгөлек» журналында жауапты хатшы болған. Алғашқы әңгімесі «Жеңеше» деген атпен 1965 жылы Алматы облыстық газетінде жарияланған. Қаламгердің «Ақсақ шал», «Тау жолдары», «Соқ, барабан», «Таудағы жазу», «Кішкене шал», «Қаладағы келін», «Қарақуыстың желі», «Атамның аманаты», «Қайсар бала» әңгіме-повестері жинақ болып жарық көрген.
72 жыл бұрын (1943) ақын ӘКІМХАНОВ Мінуар дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1970-1995 жылдары Алматы облысы Райымбек ауданындағы «Хантәңірі» (бұрынғы «Советтік шекара») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1996-1997 жылдары мемлекеттік «Санат» баспасында редакторлық қызмет атқарды. 1998 жылдың ақпан айынан бері республикалық «Қазақ елі» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. 2005-2006 жылдары «Арыс» баспасында редактор болған. Ақынның «Тұңғыш», «Шалқия», «Жырға сапар», «Жалғыз арша» атты өлең кітаптары жарық көрген. Әдебиеттің әр алуан мәселелері жайында жазған «Жер басып жүргеніңнің өзі - ырыздық» және «Айтып өлген ақында арман бар ма?» атты сыр-сұхбаты сыншы-ғалым З.Серікқалиұлының «Алтын жамбы» атты кітабына енген.
6 1 жыл бұрын (1954) «Қазхром» «АҚ президенті ТИЛЬ Виктор Вальдемарович дүниеге келді.
Түмен облысында (РФ) туған. Нижный Тагиль кен-металлургия техникумын, Бүкілодақтық сырттай политехникалық институтын бтірген. Еңбек жолын «Востокшахтапроходка» тресінің №9 Соколов шахта проходкасы басқармасында жерасты маркшейдер жұмысшысы болып бастады. 1974 жылдан «Шестаки» шахтасында (Кемеров облысы) учаскелік маркшейдер, көмір разрезі кен шебері, 1977 жылдан Хромтау қаласындағы «Центральная» шахтасында, Молодежный шахтасында жұмысшы. 1977 жылдан 1986 жылға дейін «Центральная» шахтасында аға маркшейдер,. 1986 жылдан - «Центральная» шахтасында бас инженер, шахта бастығы. 1988 жылдан Хромтауда шахта басқармасында бас инженер, 1998 жылдан - басқарма бастығы. 1997 жылдан «Дөң кен байыту комбинатының» «Молодежная» шахтасының бастығы. 1998 жылдан - «Дөң кен байыту комбинаты» АҚ директоры. 2004 жылдан - «Қазхром» АҚ бас директоры. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бері.
«Ерен еңбегі үшін» (2001) медалімен, көптеген құрмет грамоталарымен және дипломдармен марапатталған. «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері.
5 9 жыл бұрын (1956) ҚР Жоғарғы сотының судьясы ҚОЖАН Төлебай Әжібекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1982 жылдан Торғай облыстық сотында тағлымдамашы. 1983 жылдан - Гурьев қаласы сотының судьясы. 1990 жылдан - Шымкент облыстық сотының мүшесі. 1995 жылдан - Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы. Қазіргі қызметінде - 1996 жылдан бері.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен, ҚР Жоғарғы соты мен ҚР судьялар одағының құрмет грамоталарымен марапатталған.
59 жыл бұрын (1956) Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары ДҮЙСЕМБАЕВ Ғұмар Исламұлы дүниеге келді.
1956 жылы туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын және Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар заң академиясын механик, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1978 жылы Ақтөбе облысының Калинин атындағы колхозының техника қауіпсіздігі жөніндегі инженері болып бастады. Кейін БҚО Бөрлі ауданындағы Орал ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы, Бөрлі ауданы «Победа» колхозының бас инженері, Бөрлі ауданындағы «40 лет Октября» колхозы төрағасының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, «Красный маяк» колхозының басқарма төрағасы, Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы ассоциациясының төрағасы, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары, әкімі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты құрылыс және отын-энергетика кешені бөлімінің меңгерушісі, БҚО Өнеркәсіп және энергетика кешені басқармасының бастығы, БҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, БҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы, Батыс Қазақтан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2012 жылғы қаңтардан бастап Батыс Қазақтан облысы әкімінің бірінші орынбасары.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.
46 жыл бұрын (1969) Текелі қаласының әкімі ҚАЙНАРБЕКОВ Талғат Қанатұлы дүниеге келді.
1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген; 2004 жылы экономист мамандығы бойынша І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген; 2011 жылы мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандығы бойынша ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
1986-1998 жылдар аралығында мұғалім, 1998-2001 жж. «Эльдорадо» ЖШС менеджері, Алматы қаласы; 31.10.2001 - 24.12.2002 - Талдықорған қаласы әкімі аппаратының өндіріс, көлік және байланыс бөлімінің бастығы, Талдықорған қаласы; 24.12.2002 - 29.11.2004 - Көксу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би кенті; 29.11.2004 - 01.09.2010 - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Талдыкорған қаласы; 01.09.2010 - 01.09.2011 - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының студенті, Астана қаласы; 01.09.2012 - 26.06.2013 - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2013 жылдан бері.
45 жыл бұрын (1970) қазақ эстрадасының әншісі ЗАБИРОВА Толқын Тоқтаубайқызы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) және оның аспирантурасын (2000) бітірген.
1993-1995 жылдары - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қызмет атқарды. 1995 жылдан қазіргі уақытқа дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокалдық өнер кафедрасында вокалдық-педагогикалық практика пәнінің оқытушысы.
«Янтарный соловей» (Калининград қаласы, 1996), және «Әлібек Дінішевтың театры» (Алматы қаласы, 1998) атты Халықаралық конкурстардың лауреаты. Сонымен қатар, бірнеше Халықаралық эстрада конкурстарының лауреаты.
40 жыл бұрын (1975) «Kaspi Bank» АҚ басқарма төрағасы ЛОМТАДЗЕ Михаил Нугзарович дүниеге келді.
Тбилиси қаласында туған. Грузиядағы Еуропалық менеджмент мектебін, Гарвард бизнес мектебін бітірген.
1995 жылдан - «GCG Audit» (Грузия) консалтинг компаниясының басшысы. 2002 жылдан - «Baring Vostok Capital Partners» тікелей инвестициялар қорының инвестициялық жобалар бойынша менеджері, қаржылық қызметтер секторындағы инвестицияларға жауапты.
2007 жылдан - қазіргі қызметінде.
103 жыл бұрын (1912-1978) 1978 жылғы 26 тамыздан 28 қыркүйекке дейін Рим папасы, Рим-Католик шіркеуінің басшысы Иоанн ПАВЕЛ I дүниеге келді.
79 жыл бұрын (1936) орыс кинорежиссері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері КУЛИШ Савва Яковлевич дүниеге келді.
76 жыл бұрын (1939) кеңес режиссері, балаларға арналған және музыкалық фильмдердің авторы, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері БРОМБЕРГ Константин Леонидович дүниеге келді.
43 жыл бұрын (1972) американдық рок-әнші актер және музыкалық продюсер ЭМИНЕМ (Маршалл Брюс Мэтерс III) дүниеге келді.
43 жыл бұрын (1972) түрік әншісі, автор-орындаушы және продюсер ТАРКАН Тавет-оглы дүниеге келді.