17 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 17 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық кедейшілікті жою күні

БҰҰ-ның халықаралық күндер күнтізбесіне енген бұл күн жыл сайын 17 қазанда аталып өтеді. Атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 1992 жылы бекітіп, алғаш рет 1993 жылғы 17 қазанда атап өткен.

Бұл күннің таңдалуы тарихи оқиғамен байланысты. 1987 жылғы 17 қазанда Париждегі Трокадеро алаңына әлемнің бірнеше елінен жиналған 100 мыңға жуық адам кедейлікке қарсы наразылық білдіріп, бейбіт митинг өткізді. Атаулы күннің басты мақсаты — қоғам назарын кедейлік пен жоқшылық мәселесіне аудару, оны жою жолындағы жаһандық күш-жігерді қолдау және дамушы елдердегі әлеуметтік түйткілдердің шешілуіне ықпал ету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында Жанқожа батырға ескерткіш орнатылды.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы — XVIII-XIX ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы. Сол кезеңде қазақ рулары Қоқан мен Хиуа хандықтарының және патшалық Ресейдің озбырлығына ұшырады. Жанқожа батыр басқыншыларға қарсы алғашқылардың бірі болып күреске шығып, халықтың басын бір арнаға тоғыстырды.

1992 жылы Қасиетті Тақ пен Қазақстан Республикасы арасында ресми дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде Ватиканмен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекет болды.

Ватикан — әлемдегі ең шағын тәуелсіз мемлекет. Ол Рим қаласының солтүстік-батыс бөлігіндегі Ватикан төбесінде, Тибр өзенінен бірнеше жүз метр қашықтықта орналасқан. Италия астанасының аумағында орналасқан мемлекеттің мемлекеттік шекарасының ұзындығы — 3,2 шақырым, жер көлемі — 0,44 км². Ресми тілдері — латын және итальян тілдері, ақша бірлігі — еуро.

Қасиетті Тақтың жоғарғы билеушісі — Рим Папасы. Оны кардиналдар өмір бойына сайлайды. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі толығымен Рим Папасының қолына шоғырланған.

2011 жылы Алматы қаласында қазақтың көрнекті композиторы, дирижер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды.

Ескерткіште композитордың толық бойлы қола мүсіні гранит тұғырға орнатылған. Жобаның авторы — мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, сәулетші Қазбек Жарылғапов. Тұғыры граниттен, мүсіні қоладан жасалған. Ескерткіштің жалпы биіктігі — 9 метр.

2012 жылы Қазақстандағы Франция елшілігінің ұсынысымен Францияның Ұлттық білім министрлігі Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің француз тілі пәнінің оқытушысы Мария Кармысоваға Францияның кавалері «Пальма бұтағы» академиялық орденінің иегері атағын беру туралы шешім қабылдады.

Марапатты Қазақстандағы Франция елшісі Жан-Шарль Бертоннэ табыстады. Бұл құрмет Мария Кармысоваға франкофонияны дамытуға және француз тілі оқулықтарын әзірлеуге қосқан үлесі үшін табысталды.

2016 жылы Словенияның Марибор қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Қазақстанның Австрия мен Словениядағы елшісі Қайрат Сарыбай Құрметті консул Горазд Шифрерге консулдық патентті табыстап, бұл қадам екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстанның Словениямен түрлі салалардағы әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

2017 жылы Петропавл қаласындағы көрнекті орындардың бірі — «Абылай хан резиденциясы» музей кешені «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енгізілді. Кешен құрамына негізгі ғимаратпен қатар хан кеңсесі, қонақ үйі мен монша кіреді. Төрт залдағы экспозициялар Абылай ханның өмірі мен мемлекет басқарудағы қызметін таныстырады.

2017 жылы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде ҚР-ның Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» атты кітап-көрме ашылды. Көрмеде 1929-1940 жылдары латын графикасымен жарық көрген еңбектерге арнайы орын берілді. Олардың қатарында латын әліпбиіне негізделген алғашқы қазақ басылымдары, тіл біліміне қатысты зерттеулер, Абай шығармалары мен қуғын-сүргінге ұшыраған Ахмет Байтұрсынұлы және Сәкен Сейфуллиннің еңбектері ұсынылды.

2018 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан «Инфрақұрылым» санаты бойынша электр энергиясының қолжетімділігі жөнінен әлемде бірінші орынға ие болды.

2019 жылы Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Асан Қожин мен Нұрдәулет Таумергенов көзі көрмейтін адамдарға арналған BlindHelper навигациялық таяғын жасап шығарды. Құрылғы адамның тұрған жерін анықтап, нейрондық желілердің көмегімен қажетті бағытты көрсетеді. Жас өнертапқыштар жобаны жетілдіріп, көпшілікке қолжетімді етуді көздеді.

2020 жылы «Астана Опера» театрында «Мольер, Вольтер және Бомарше немесе француз комедиясының негізін қалаушылар» атты опералық-симфониялық концерттің премьерасы өтті. Жобаның авторы — театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев.

— Өнердің бірнеше түрін біріктіріп, тұтас үйлесім қалыптастыруға тырыстық. Сахнада симфониялық оркестр, классикалық әдебиет, балет, пантомима, опера әншілері мен заманауи технологиялар тоғысады. Қойылымға театрдың барлық шығармашылық ұжымы қатысты. Мұндай жобаның шетелде де баламасы жоқ деп айта аламын, — деді Алан Бөрібаев.

2021 жылы Астанада ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтенуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және өнер арқылы оңалтуына мүмкіндік беретін Qanattylar инклюзивті театры ашылды.

Театр сахнасында көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ арбаға таңылған адамдар өнер көрсетеді. Олар сахна өнері мен хореографияны меңгеріп, түрлі мәдени іс-шараларға белсенді қатысады.

2021 жылы елордадағы «Жас батыр» спорт кешенінің жанында қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге балуанның жақындары, спорт ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шара барысында «Жас батыр» кешеніне Қажымұқанның есімін беру туралы шешім жарияланды.

2023 жылы Хельсинкиде Қазақстан құрамасы футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Финляндиямен кездесті. Ойынның 28-минутында финляндиялық Тейлор Роберт айып добынан гол соғып, есеп ашты. Тартысты өткен алғашқы тайм қарсыластардың басымдығымен аяқталды. Екінші тайм финдер шабуылымен басталғанымен, көп ұзамай қазақстандық футболшылар допқа иелік етуді қолға алды. Кездесудің 77-минутында жартылай қорғаушы Бахтиёр Зайнутдинов пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді.

2024 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде филиал, ал Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт-орталығы салтанатты түрде ашылды.

2024 жылы Германияда 95 елден 1000 автор қатысқан Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі (Frankfurter Buchmesse) өтті. Қазақстандық баспаларға арналған арнайы стендте 250-ден астам кітап таныстырылды. Халықаралық шараға Қазақстаннан қоғам қайраткерлері, отандық баспагерлер мен аудармашыларды қоса алғанда, 30-дан астам өкіл қатысты. Олардың қатарында «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», ARMAN-PV, Steppe & World Publishing, ASTANA-KITAP және AmalBooks баспалары болды.

2024 жылы Баянауыл ауданындағы көлдерге 50 мыңға жуық амур балығы жіберілді. Бұл балықтар су қоймаларын қамыстан тазартуға, су сапасын жақсартуға және экожүйені қалпына келтіруге көмектеседі. Баянауыл көлдеріне жалпы құны 100 млн теңге болатын 85 мың балық жіберілді. 2300 сазан Талинка көліне, ал ақ амур Сабындыкөл мен Торайғырға кетті. Табиғи мелиоратор саналатын ақ амур су айдындарының өсімдік басып кетуіне жол бермей, өзге балық түрлеріне зиян келтірмейді.

2025 жылы Қазақстанда мектеп оқушылары арасында қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік бойынша алғашқы олимпиада ұйымдастырылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген байқауға 9-11 (12)-сынып оқушылары қатысты. Алғашқы, яғни мектепішілік кезең 17 қазанда еліміздің барлық өңірінде офлайн форматта өтті. Астанада өткен финалдық кезеңге өңірлер мен республикалық білім беру ұйымдарынан іріктелген 150-ден астам оқушы қатысты.

2025 жылы SKAI нейрожелісі «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесі отырысына алғаш рет дауыс беру арқылы қатысты. Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен жиында Alem LLM негізінде әзірленген жасанды интеллект жүйесі қордың 2008 жылдан бергі деректерін талдап, тәуекелдерді анықтап, нақты уақыт режимінде шешімдер ұсынды.

Оның мәліметінше, тоғыз айда отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 75 пайызға өсіп, 721 млрд теңгеге жетті. Қазақстанның 497 компаниясымен 7 227 келісімшарт жасалды.