17 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 17 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күні

Ресми түрде 2019 жылдың мамыр айында Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 72-ші сессиясында бекітілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы «Колхоз жолы» деген атаумен қазіргі «Көкшетау» қалалық газеті шыға бастады. Газет облыстың экономикалық, әлеуметтік саладағы жетістіктерін насихаттағаны үшін үш мәрте Бүкілодақтық шығармашылық байқаудың лауреаты атанған. 1980 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылдың қаңтар айынан бастап «Көкшетау» деген атпен шыға бастады.

2007 жылы Мемлекет басшысы «Каспий», «Тобыл» және «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын құру және олардың қызметтерін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

2010 жылы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан өздерінде БҰҰ-ның қызметкерлері үшін визасыз режимді қабылдаған 26 елдің тобына қосылды.

2010 жылы қазақстандық туризмді дамыту аясында Алматыдан солтүстік батысқа қарай 170 шақырым аймақта орналасқан ашық аспан астындағы «Таңбалы» музей-қорығының аумағында абаттандыру жұмыстары басталды.

«Таңбалының» туристерді тартатын басты ерекшелігі тасқа қашап жазылған сурет ескерткіштер, петроглифтер. Музей-қорықтың тарихи, мәдени және ғылыми маңызы орасан зор. Мұндағы қол дәуірінен қазіргі кезге дейінгі 100-ден астам тарихи ескерткіштер тұтас археологиялық кешенді құрайды.

2010 жылы Қостанайда Александр Сергеевич Пушкиннің ескерткіші ашылды. Ұлы ақынның мүсінін Қазақстанға Ресей Жазушылар одағы тарту етті. Қола мүсіннің авторы - мүсінші Николай Кузнецов-Муромский.

2011 жылы Баянауылда (Павлодар облысы) XVII-XVIII ғасырдың мемлекет қайраткерлері Шоң би Едігеұлы мен Шорман би Күшікұлына ескерткіш ашылды.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, суретші-график Александр Ерашов «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясының кейіпкері атанды.

2016 жылы қазақстандық боксшы Қанат Ислам Қазақстанды әлемге танытуға қосқан елеулі үлесі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» медалімен марапатталды.

2019 жылы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру мақсатында қазақстандық делегация ұлы ойшыл Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150-жылдығын мерекелеу қарсаңында Сириядағы Дамаск қаласына сапар жасады.

Сапардың мақсаты – мәдени-тарихи орталықпен, қазақстандық тарап салған әл-Фараби кесенесімен танысу, 2020 жылы үлы ойшылдың 1150-жылдығына даярлық және тағы басқа көптеген мәселелерді талқылау.

2019 жылы Атырау халықаралық әуежайы алаңында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш ашылды. 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз - Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен танылған, ал соғыстан кейін қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Оның ерлігіне бас иген жерлестері әуежай алдында батырға арналған ескерткіш орнату туралы бастама көтерген болатын. Ескерткіштің биіктігі – 2 метр 30 сантиметр. Қоладан құйылған ескерткіште Хиуаз Доспанованың соғысқа аттанған бойжеткен қалпы сақталған.

2021 жылы қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Ресейдің GQ журалының жыл сайынғы сыйлығында «Жыл жаңалығы» аталымында жеңіске жетті.

2021 жылы Қазақстанда Еуразия экологиялық қоры құрылды, ол көгалдандыру, биоалуантүрлілікті сақтау және аумақтардың шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі жобаларды дамытады.

2021 жылы Бельгияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пошталық маркалар шығарылды. Алғашқы мерейтойлық даналар Еуропалық парламенттің, Еуропалық комиссияның, сондай-ақ Бельгия Корольдігінің мемлекеттік құрылымдары мен ұйымдарының өкілдеріне берілді.

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Citigroup бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Кездесу барысында америкалық қаржылық холдингтің еліміздегі қызметін кеңейту перспективалары талқыланды. Citibank Kazakhstan Қазақстандағы жалғыз америкалық банк және халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі саналады.

Соңғы жаңалықтар