Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

17 көпқабатты үйдегі 625 үлескер: Ақтөбеде проблемалық нысандар мәселесі қалай шешіледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құрылысы аяқталмай қалған үйлерді инвесторлар салады немесе бюджет қаржысы жұмсалады. Ол үшін әуелі жобалық-сметалық құжаты қайта жасалуға тиіс. Kazinform тілшісі қала ішіндегі қаңыраған үйлерді аралап, шешімін сұрады.

құрылыс, үлескер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

17 көпқабатты үйдегі 625 үлескер мәселесі

Ақтөбе облысы проблемалық нысандар, соның ішінде көпқабатты үйлер мәселесін шешу үшін «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС құрды. Ақтөбе қаласы әкімінің қаулысы 2023 жылы желтоқсан айында шықты. Қаулы ҚР Үкіметінің Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын негізге алған, яғни проблемалық тұрғын үйлер мәселесі алдағы үш жылда шешімін табуға тиіс.

құрылыс, үлескер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қазір құрылыс компаниясы басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық іс толық аяқталып, кінәлілер жазаланды. Содан кейін «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС-не түскен проблемалық нысандарға қаржылық және құқықтық аудит жүргізілді.

— Құрылыс жөніндегі ведомствоаралық комиссия кезінде 12 нысан проблемалық деп танылды. Әуелі 8 қабатты «Эксклюзив» тұрғын үй кешені қолданысқа берілді. Алданып қалған 58 үлескер пәтер кілтін алды. Қазір тізімде 11 нысан бар. Олардағы 17 үйдің үлескерлер саны — 625. Тағы бір инвестор «Кәусар» және «Жанғали» тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Қазір үлескерлерге пәтер кілті беріліп, олар ішкі жөндеу жұмыстарына кірісті. Мұнда алданған 69 үлескер бар, — деді «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС басшысының орынбасары Дастан Аманов.

Ұзақ жылдар бойы қаңырап тұрған көпқабатты үй ғимараттарының бәріне техникалық сараптама жүргізіліп, қазіргі жай-күйі белгілі болды. Ендігі іс — жобалық-сметалық құжатты қайта әзірлеп, құрылысты аяқтау. Дәл осы тұста ірі инвестор, тіпті бюджеттің мол қаржысы қажет болады.

құрылыс, үлескер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Инвестор тартылған жағдайда кепілдік келісімі жасалады. Үй құрылысы бюджет қаржысы есебінен аяқталса, мемлекет бар міндетті өз мойнына алады. Ал оған қажетті сома жобалық-сметалық құжат әзір болған кезде белгілі болады, — деді Дастан Аманов.

Сот шешімінен кейін көпқабатты үйдің иесі — тұрғын үй-құрылыс кооперативі

Проблемалық тұрғын үйлерге қатысты сот отырысы аяқталып, үкім заңды күшіне енген соң Тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылады. Тұрғын үй-құрылыс кооперативі үлескерлерден жасақталған, яғни үлескерлер енді құрылысы аяқталмаған үйдің иесі атанады. Олар өз бетімен инвестор іздеп, құрылыс жұмыстарын жалғастыруға құқылы.

Екінші нұсқа — уәкілетті ұйымға жүгіну. Уәкілетті ұйым — «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС. Компания құрылысты тек бюджет есебінен аяқтайды, инвестор іздеуге де жәрдемдеседі.

— Ақтөбе облысы бойынша тізімде қалған 11 нысанда 17 үй бар. Бір нысанда екі немесе үш үй болуы мүмкін. Ал кейбірінде бір нысан бір үй. Мәселен, Алаш орда кешенінде үш үй бар. Оның біреуі салынған, екеуінің құрылысы жүргізілмеген. Сол екі үйге инвестор тартуды көздеп отырмыз, ал біреуі бюджет есебінен салынуы мүмкін. Неге бюджет қаржысы жұмсалады? Себебі инвесторлар барлық пәтері сатылып кеткен үй құрылысын аяқтауға құлықсыз. Кейбірінде бір пәтердің бірнеше иесі бар. Табысты ұсыныс болмаған соң, әрине, инвестор тәуекелге бармайды, — деді Дастан Аманов.

Үйдің сызбасы бар, жобалық-сметалық құжаты жоқ

Құрылысы 2019-2020 жылдары басталған тұрғын үйлердің тағы бір кемшілігі — жобалық-сметалық құжатының бекітілмегені. Нақтырақ айтқанда, үлескерлердің қаржысын жымқырған кәсіпкерлер сол жылдары тек құр макетті көрсеткен. Адамдар әдемі сызбаға алданып, миллиардтарынан айырылды. Шығын — 5,8 млрд теңге.

— Ақтөбе қаласының Алтын орда шағын ауданында жерді жалға алған «СтройСервис Регион» ЖШС-нің бірде-бір құжаты болмай шықты. Сонда да олар 52 адамның қаржысын тартқан. Құрылыс орнына барған кезде тек бірінші қабатын көруге болады. Бұған мемлекет кінәлі емес. Неге? Біріншіден бұрын құрылыс компаниясы құжаттардың бәрін жинап, облыстық мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылау басқармасына хабарлама жіберді. Бұл құрылыстың басталғанын білдіреді. Ал облыстық мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылау басқарма мамандары тіркейді, құрылыс алаңына барады, рұқсат береді. Кейін бұл бақылаудың бәрі қысқарып қалып, тексеру үшін прокуратура келісімі қажет болды, — деді «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС басшысының орынбасары Дастан Аманов.

құрылыс, үлескер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Техникалық бақылаудан соң тек іргетасы құйылған немесе бірінші қабаты ғана салынған үйлердің бәрі бұзылады деген шешім шықты. Бұл — «Safina», «Kaspi», «Жилище», «СтройСервис Регион» тұрғын үй кешендерінің бір бөлігі. Ал «Бозжыра», «Алаш орда» тұрғын үй кешендерінің төрт үйіне инвестор табылып тұр. Сонымен бірге кәсіпкер «Жилище» ТҮК бір үйіне қызығып отыр.

— Бес қабатты үйді тоғыз қабатты деп өзгертуге болмайды. Себебі құрылыс басталған кезде ауласы дәл сол бес қабатты үйге шақталған. Бұл — бірінші себеп. Екіншіден, құрылысы тоқтап тұрған проблемалық үйдің көбі Алтын орда шағын ауданында орналасқан. Бұл — ұшу-қону алаңына жақын аймақ. Кейбір үйдің аумағы дәл осы тұсқа келіп тұр, — деді ол.

Тағы бір айта кететін жайт, үлескерлер үшін келісімшартта көрсетілген пәтер ауданы сақталады. Сонымен бірге баспана құны өзгермейді. Ал егер үлескер пәтер ақысының тек белгілі бір бөлігін төлесе, қалған қаржыны Тұрғын үй-құрылыс кооперативінде ашылған арнайы есепшотқа аудауға тиіс. Әзірше Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің ешқайсысында мұндай шот ашылмады. Сонымен бірге сотталып кеткен кәсіпкерлер шығынды қайтарса, бұл қаржы да арнайы шотқа келіп түседі. Бұл жұмыс сот орындаушыларының еншісінде. 

Заңдағы өзгеріс

Қазір елімізде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы бар. Онда үлескерлік құрылыстың үш механизмі қарастырылған. Біріншіден, Қазақстан тұрғын үй компаниясы кепіл болады. Мұнда құрылыс компаниясының аккредитациясы болуға міндетті. Ақтөбе облысы бойынша бір ғана компания тізімге енді. Алайда ол компания да қазір құрылыс жұмыстарында қиындыққа тап болып, мерзімінен кешіктіріп жатыр. Мұндай жағдайда сот болып, компания жосықсыз деп танылса, құрылысты кепіл болған Қазақстан тұрғын үй компаниясы аяқтауға міндетті.

— Екіншісі — екінші деңгейлі банк. Банк те кепіл бола алады. Құрылыс компаниясына аккредитация міндеттеледі. Үшіншіден, үйдің қабырғасы қаланса, ішкі әрлеу жұмысы ғана қалса, компания үлескерлердің қаржысын тартуға құқылы. Қазір құрылыс саласында заң күшейді, Qazreestr порталы жұмыс істеп тұр. Құрылыс компаниялардың құжаты жинақталған, бір пәтерді қайталап сатуға жол берілмейді, — деді Дастан Аманов.

Үй іздеген адамдарға әдемі сызба ұсынған кейбір кәсіпкерлер о бастан-ақ алаяқтық жолмен ақша табуды ойлаған. «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС басшысының орынбасары Дастан Амановтың айтуынша, үйдің бір бөлігін салғандарында да қаржылық сауаттылық жетпеді. Заңдағы жаңа талаптар осының жолын кеспек.

Айта кетейік, Ақтөбеде әзірше өзге үйлер проблемалық нысандар тізіміне алынбады. Үй құрылысы тоқтап қалса, үлескер жәбірленушілер полицияға арыз түсіруге тиіс. Тергеу соңы сот, сот үкімінен соң құжат облыстық құрылыс жөніндегі ведомствоаралық комиссиясына түседі. Шешім шыққаннан кейін үй проблемалық нысандар тізіміне енгізіліп, «Ақтөбе құрылыс компаниясы — 2023» ЖШС-не біріледі. Сәйкесінше әрі қарай инвестор іздеу, бюджеттен қаржы бөлу жұмысы тұр.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде құрылысы аяқталмай тұрған 11 проблемалық нысан бар екенін жазғанбыз.