Ақтөбеде құрылысы аяқталмай тұрған 11 проблемалық нысан бар
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Құрылысы ұзаққа созылған, тоқтап тұрған 11 нысанның ішінде мектеп, аурухана мен тұрғын үйлер бар.

Құрылыс жұмысы ұзаққа созылған нысанның бірі – Шилісай орта мектебі. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, әлі жалғасып жатыр. Бір кездері мердігер ауысты, қаржыландыру қиынға соқты.
- Шилісай мектебімен қатар Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов ауылында спорт кешені бар. Ащысай, Оймауыт ауылдарында мектеп, бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер құрылысы, Ойыл, Алға, Хромтаудағы тұрғын үй құрылысы ұзаққа созылды. Биыл бұл нысандар қолданысқа берілуі тиіс. Тек туберкулезге қарсы диспансерге қатысты сұрақ бар. Бұл құрылыс көп қаржыны талап етеді. Оның аяқталу мерзімі нақты емес. Негізгі себебі белгілі. Пандемия кезінде құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Сол кезде жобаны қайта түзетуге берген едік. Бірақ бәрін бюджет көтере бермейді. Жоспар бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Сол кезде 30-ден астам нысанның жобалық-сметалық құжаты өзгерді. Сонымен бірге өзге өңірден келетін мердігер компаниялар да жұмысты дұрыс істемей тұр. Олар Мемлекеттік сатып алуға қатысып, міндетін атқармайды, - деді Ақтөбе облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Айта кетейік, Ақтөбеде құрылыс жұмыстарына биыл 70,7 млрд теңге жұмсалады. Облыста ауданы 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Сонымен бірге қазір Президент тапсырмасы бойынша облыстық драма театрдың жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Құрылыс биыл басталып, келер жылы аяқталады. Сонымен бірге 5 мың орындық спорт кешені де Ақтөбе қаласында салынады. Ал 35 мың орынға арналған орталық стадион құрылысының шешімі әлі шықпады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде құрылысы 10 жылға жуық уақыт бұрын басталған аурухананың құжаты қайта жасалады. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер енді инфекциялық корпусы бар облыстық аурухана болады.