17 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 17 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.
17 маусым, ЖЕКСЕНБІ
Бүкілдүниежүзілік қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні. 1994 жылы Парижде шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Халықаралық конвенция қабылданған күннен бастап атап өтіледі.
Исландия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1944). Солтүстік Еуропада Атлант мұхитындағы Исланд аралдарында орналасқан мемлекет. Ел аумағы әкімшілік жағынан 8 аймаққа, 23 ауданға бөлінеді. Астанасы - Рейкьявик қаласы. Ресми тілі - исланд тілі. Ұлттық ақша бірлігі - исланд кронасы. Исландия парламенттік республика. 1944 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы Президент 4 жылға ашық сайлау арқылы сайланады. Заң шығару билігін Президент пен бір палаталы парламент Альтинг жүзеге асырады.
Рағайып түні - Мұхаммед пайғамбардың ата-анасының үйленген күні (Мұсылман мейрамы).
Рағайып түні - Раджаб айының бейсенбіден жұмаға қараған бірінші түні. Рағайып араб тілінен аударғанда «арман, ниет» деген мағынаны білдіреді. Бұл түні Мұхаммед пайғамбардың ата-анасы Әбдулла мен Әмина некелерін қиды. Аңыз бойынша осы уақытта жерге бір топ періштелер түсіп, Абдолланың пайғамбарлық қасиеті ұлына дарыды. Бұл түні барша мұсылмандар көп дұға оқып, ораза тұту керек. сонда Бұл түні оқылған намаз үшін, ораза ұстаған үшін, садақа берген үшін Алла Тағала өзінің сауабын рақым етеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1992) «Ана тілі» баспасы Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағлымы» атты кітабын жарыққа шығарды.
20 жыл бұрын (1992) Қостанай облысы Комсомол ауданының атауы Қарабалық болып өзгертілді.
19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты құрылды.
14 жыл бұрын (1998) Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы үйі алдында композитор, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқов ескерткішінің ашылу салтанаты болды.
9 жыл бұрын (2003) Астанада «Думан» ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өтті.
Орталық тропикалық балықтары бар мұхитаралдан, 5М-кинотеатрдан, Үлкен күмбезді кеңістіктен және тамақтандыру кәсіпорындары мен сауда жүйелерінен, «Джунгли» аттракционынан тұрады.
«Думан» ойын-сауық орталығының мұхитаралы - ТМД-дағы тұңғыш дүниеге келген бірден-бір нысан. Бұл әлемдегі көк мұхиттан 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан жалғыз мұхитарал, мұндағы су қоры 3 миллион литрді құрайды. Оны әзірлеуде 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылған. Мұнда Жердің әр түкпірінен әкелінген 2000-ға жуық теңіз жәндіктері тіршілік етуде.
Мұхитарал түбінде жылжымалы жолмен жарақталған, қалыңдығы 7 сантиметрлік акрил шынысынан жасалған 70 метрлік дәлізі бар және әр түрлі көлемдегі 11 аквариумды екі үлкен көрме аймағынан тұрады. Бір күн ішінде мұхитаралды шамамен 3000-ға жуық адам тамашалайды.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінде кореялық халықаралық ынтымақтастық жөніндегі «KOICA» агенттігі Қазақстанда туристік кластерді дамыту жобасын таныстырды.
Жобада Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында ғарыштық туризмді дамыту, Қамбаш көлінде курорттық аймақ салу, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде этнокурорт салу, сондай-ақ Атырау облысында «Сарайшық» керуен сарайы - туристік орталығын қалыптастыру көзделген. Жоба 2011-2020 жылдарға есептелген.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетi және Болгарияның Пловдив қаласының Аграрлық университетi аралығында студент халықаралық айырбастау туралы келiсiмге қол қойды.
ЕСІМДЕР
54 жыл бұрын (1958) ҚР Қаржы министрінің орынбасары ШОҚПЫТОВ Андар Мәулешұлы дүниеге келді.
Ресейде туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Кәсіпорындарды қайта құру және жою агенттігі» жабық акционерлік қоғамының президенті. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті директорының бірінші орынбасары. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2007 жылдан «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы. 2010 жылдың 19 ақпанынан - қазіргі қызметінде.
Медальдармен марапатталған.
83 жыл бұрын (1929) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СУХОДОЕВА Галина Савельевна дүниеге келді.
Қазан мемлекеттік медицина институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Өлкелік потология институтының аспирантурасын бітірген. 1963 жылдан Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Өлкелік потология ғылыми-зерттеу институтының, Эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері микроб әрекетінен туған аллергология және иммунология мәселелеріне арналған. Ол тәжірибе жүзінде түрлі организмдер тудыратын аллергия үлгілерін жинап, бактерия аллергендерін жетілдірді. Оның 2 авторлық куәлігі мен 9 патенті бар.
83 жыл бұрын (1929-1984) атақты армян шахматшысы, шахмат журналисі, халықаралық гроссмейстер, Шахматтан әлемнің 9-шы чемпионы ПЕТРОСЯН Тигран Вартанович дүниеге келді.
63 жыл бұрын (1949) спортшы, жеңіл атлетикадан КСРО спорт шебері, 800, 1500, 3000 метрлік қашықтыққа жүгіруден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы КҮРЕҢКЕЕВ Бекен Жексенбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Алакөл ауданында туған. Спортшы Жасөспірімдер арасындағы КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері, Жастар арасында КСРО чемпионы, «Правда» газетінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, «Сельская жизнь» газетінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған бүкілодақтық жарыстың чемпионы атанды. Сонымен қатар Украина, Ресей, Алжир, Франция, Германия, Испания елдерінде өткен халықаралық турнирлерге қатысып жүлделі орындарға ие болды.
67 жыл бұрын (1945) техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылымдар Академиясының академигі МӘДИЕВ Өскенбай Қабылбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында туған. Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтын бітірген.
Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында, Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Тараз мемлекеттік университетінде ғылыми-педагогикалық және басшылық қызметтер атқарған. 2003 жылдан - Алматы экономика және статистика академиясының Тараз қаласындағы өкілдігінің директоры.
Мәдиев тері өндеу процесінде қолданылатын алюминий, цирконий және титан қосындысы негізінде жаңа илегіштер синтезінің теориялық негіздерін жасайтын жаңа бағыт ашты. Бұл жұмыстарының нәтижесінде өндірілген өнімнің түр-түрін көбейту және сапасын арттыру, тері өңдеу фабрикаларында экологиялық жағынан зиянды хром қосындыларын қолдануды азайтуға немесе толығымен ауыстыруға мүмкіндік беретін жаңа кешенді минералдық илегіштер шығарды. Қоршаған ортаға зиянсыз диаммоний фосфатпен мал терісін бүлінуден сақтаудың теориялық негізін салып, практикалық әдістерін енгізді. Мәдиевтің практикалық ұсыныстары мен түрлі әдістемелері Қазақстан мен ТМД елдеріндегі тері өңдеу фабрикаларында кеңінен қолданыс тапты.
Ол 16 авторлық куәліктің, 4 монография, 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы.