17 облысқа ескерту жасалды: үсік, тұман, жел 28 м/с-қа дейін күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM — 19 қазан күні Қазақстанның 17 облысы мен Астана қаласында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер тұман түсіп, жел күшейетінін және бірқатар өңірде үсік жүретінін болжайды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМҚ мәлім етті. 

17 облысқа ескерту жасалды: жел 28 м/с-қа дейін күшейеді
Фото: pexels.com

Астанада түнде және таңертең тұман түседі.

Ақмола облысының батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз облыстың батысында, солтүстігі мен шығысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетіп, екпіні 23–28 м/с болады. Көкшетауда күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с, екпіні 23 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақтөбе облысының шығысында жоғары өрт қаупі, ал батысында, оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының шығысында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15 м/с-қа жетеді. Облыстың солтүстігі мен батысында түнде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.

Атырау облысында жоғары өрт қаупі сақталады, ал солтүстігінде, оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі болжанады. Атырау қаласында да төтенше өрт қаупі сақталады.

Абай облысының батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Семейде де осы уақытта тұман күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман болады. Өскеменде де тұман болжанады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді. Облыстың шығысында түнде 2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.

Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с болады. Түнде 2–7 градус үсік күтіледі. Талдықорғанда ауа температурасы 3–5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз облыстың солтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15 м/с-қа жетеді. Батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағандыда түнде және таңертең тұман күтіледі.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман болады. Облыстың батысында, солтүстігі мен шығысында оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 15–20 м/с-қа, күндіз екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Қостанайда күндіз жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Қызылорда облысының солтүстігінде түнде топырақ бетінде 1 градус үсік күтіледі. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі, солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да төтенше өрт қаупі бар.

Маңғыстау облысының батысы мен орталығында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15–18 м/с болады. Облыстың орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады. Түнде облыстың батысы мен шығысында желдің екпіні 15–20 м/с болады. Күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетіп, батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде екпіні 23–28 м/с болады. Петропавлда күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с, екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Түркістан облысының таулы аудандарында тұман түседі. Солтүстігі мен таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады. Облыстың солтүстігінде түнде 1 градус үсік күтіледі. Батысында және Түркістан қаласында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың батысы мен орталығында, сондай-ақ Жезқазғанда төтенше өрт қаупі сақталады.