17 СӘУІР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА.ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 17 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

17 СӘУІР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

17 СӘУІР, БЕЙСЕНБІ

Қазақстан Республикасының өртке қарсы қызмет күні. 1918 жылы сәуірдің 17-де кеңестік республикаларда «Өртпен күресудің мемлекеттік шараларын ұйымдастыру туралы» декретке қол қойылды. Бұл күн Қазақстан Республикасында және бұрынғы КСРО республикаларында өртке қарсы қызметтің ұйымдастырылған күні ретінде атап өту қабылданған. Бүгінгі таңда елімізде аталмыш қызметтің құрамында 13 мыңға жуық адам қызмет етеді. Өрт бөлімшелері 3 мыңға жуық негізгі және арнайы өрт машиналарымен және басқа да өрт сөндіретін құрал-жабдықтармен жарақтанған.

Кубадағы контрреволюцияны жеңген күні. Осы күні Кубадағы революциямен күресу үшін АҚШ Орталық барлау басқармасы дайындаған 1500 кубалық эмигранттар десанты талқандалды. 1961 жылы төңкерісшілердің жеңісімен аяқталған ұрыс тарихқа Гвиней шығанағына әскер түсіру және АҚШ президенті Кеннедидің ірі жеңілісі, ал Кастроның ірі жеңісі ретінде қалды. Сондай-ақ дәл осы күні Фидель Кастро Куба социализм бағытында өркендеуге бет түзейтінін жариялады.

Сирия Араб Республикасының Ұлттық мейрамы - Эвакуация күні (1946). 1941 жылдың сәуірінде Сирия тәуелсіз республика болып жарияланды, бірақ толық тәуелсіздігін 1946 жылы елдегі француз және ағылшын әскерлері шығарылғаннан кейін ғана алды. Сирия - оңтүстік-батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Түркиямен, шығысында Иракпен, оңтүстігінде Иорданиямен, Израильмен, батысында Ливанмен шектеседі. Әкімшілік жағынан 14 уәлаятқа немесе губернаторлыққа бөлінген. Астанасы - Дамаск қаласы. Мемлекеттік тілі - араб тілі. Сондай-ақ күрд, армян, арамей, француз тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - сирия фунты. Атқарушы билік Президент пен Министрлер Кеңесіне басшылық жасайтын Премьер-Министрге тиесілі. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Халықтық кеңес.

1991 жылы Парсы шығанағындағы ирак-куәйт соғысы аяқталғанннан кейін Сирия араб және Батыс Еуропа елдерінен және Жапониядан қаржылай көмек алды. Осы көмек Сирияның сыртқы қарыздарын өтеуге, сонымен қатар үзіліп қалған сауда байланыстарын қалпына келтіруге септігін тигізіп, негізгі өнеркәсіп бағыттары мұнай мен фосфорит өндіруді дамытты.

Қазақстан Республикасы мен Сирия Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 27-і күні орнатылды.

Бүкіләлемдік гемофилия күні. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мен Дүниежүзілік Гемофилия Федерациясы бастамасымен 1989 жылдан бастап Дүниежүзілік гемофилия күні жыл сайын аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

11 4 жыл бұрын (1900) «Қайта жанданған акционерлік кен өндірістік қоғамына» Екібастұз қаласынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Мыс қорыту зауыты жетекшілік етті. Бұл қоғам Ресей Қаржы министрлігінің қолдауымен 1898 жылы құрылған болатын. Ұйымдастырушысы павлодарлық саудагер И.А.Деровке қоғамның жарты акциясы тиісті еді.

8 4 жыл бұрын (1930) Қазақстанда кезекті халық комиссары және республика прокуроры болып Боран Айтмағамбетов (1901-1938) тағайындалды. Бұл лауазымда ол 2 жылдай жұмыс істеп, репрессия жылдары жазаға ұшыраған.

2 3 жыл бұрын (1991) көркем-әдеби және қоғамдық-саяси «Нива» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл журналдың ұйымдастырушысы және редакторы ақын, жазушы Владимир Гундарев.

1 9 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» Заңы қабылданды.

8 жыл бұрын (2006) Павлодар облысы Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы Интернетте assambleya-pavlodar.kz. өз сайтын ашты. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 24 ұлттық-мәдени бірлестік пен 30 аудандық филиал жұмыс істейді. Павлодардың Ертіс өңірінде 110 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Олардың бәрі осы өлкені өздерінің отаны деп біледі. Облыста олардың тілдері мен мәдениетінің еркін дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Сайт беттерінде облыстың әрбір ұлттық мәдениет орталығының жұмысы туралы материалдар орналастырылды. Ассамблеяның жастар бірлестігінің қызметіне арналған бөлім, ұлттық қайта өрлеу мектебі туралы ақпарат бар. Меймандардың тілегі мен пікіріне арнайы бет ашылған.

8 жыл бұрын (2006) Лондондағы Альберт-холлда «Бабалар әуені» атты қазақ фольклорының мерекесі өтті. Онда «Тілеп» композициясы компакт-дискісінің таныстырылымы болды. Композицияның авторы - белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс. Жеті бөлімнен тұратын «Тілеп» композициясында қазақтың халық музыкасы, Абай әндері, Қорқыт пен Ықылас күйлері, Тілеп Аспантайұлының қобыз сарыны шебер қиюластырылған. Аталмыш шығарманың таныстырылымына Лондонның симфониялық оркестрі, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев, Финляндияның халық хоры, Астанадағы «Тілеп» қобызшылар квартеті мен қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға астаналық кәсіпкер, танымал меценат Сапар Ысқақов мұрындық болды.

7 жыл бұрын (2007) ақын, ғалым Бүркіт Ысқақовтың (1924-1990) «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» кітабының таныстырылымы болды.

Бұл туынды қаламгердің өмірінің соңғы жылдарында жазған зерттеуі, қорғап үлгермеген докторлық диссертациясы болып табылады. Мұнда қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық байланысының шығу тегі мен даму жолдарының бірлігі тарихи тұрғыдан қарастырылады. Жазушының шығармашылығы 1950 жылдары басталды. Қазақ мультипликациясына зор үлес қосып, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» аннимациялық фильмінің сценарийін жазған.

1000 данамен шыққан кітапты баспаға даярлаған ақынның қызы Айгүл. Еңбекті репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры жарыққа шығарды.

5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хайнань» провинциясының құрметті азаматы» атағына ие болды (Қытай Халық Республикасы).

5 жыл бұрын (2009) Астанада Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті және «ТеңізШевройл» ЖШС Қазақстанда кедендік рәсімдеудің ілкі жобасын іске асыру бойынша меморандум қабылдады.

5 жыл бұрын (2009) Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Бекет Ата» имандылық-тағылым жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың құрастырушысы - Атырау қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Ислам қажы Мырзабекұлы.

740 беттік кітап 9 бөлімнен тұрады. Олар - Бекет ата Мырзағұлұлының (1750-1813) өмірбаяны, оның атындағы мешіттер мен оның қалдырған мұралары, ата туралы жазылған ғылыми-тарихи зерттеулер, Бекет Атаны ұлықтау мақсатында өткен іс-шаралар, сондай-ақ сұхбаттар мен ой-пікірлер топтамасы.

46 жыл бұрын (1968) «Жануарлар әлемінде» телебағдарламасы алғаш рет эфирге шықты. Аталмыш бағдарламаның негізін қалаушы және тұңғыш жүргізушісі кинорежиссер, КСРО-ның халық әртісі Згуриди Александр Михайлович болды.

ЕСІМДЕР

153 жыл бұрын (1861-1914) қазақтың атақты ақыны әрі композиторы, суырыпсалма ақын ЖҰМАБАЙҰЛЫ Жарылғапберді дүниеге келді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Ауыл мектебінде оқыған. Шығыс поэзиясын жақсы білген. Ел арасында жыр, қиссаларды жатқа айтып, саятшылық өнермен айналысқан, палуандар сайысына да қатысқан.Біржан салды ұстаз тұтқан. Шыңғыс Уәлиханов пен Мұса Шормановтармен араласа жүріп, Жарылғапберді Көкшетау, Қызылжар, Омбы өңірінде шыққан әндерді Баянауыл мен Ертіс бойына жеткізген. Қобызшы Қанғожа, әнші Қозыкемен дос болған. Ол шырқаған "Топайкөк" әні ел ішіне кең тараған. Жарылғапбердінің махаббат тақырыбына арнаған әндері кезінде көп болған. Халық жадында тек "Шұбартау", "Шама", "Қаракөз", "Ардақ" әндері сақталған. Бұл әндерді Балабек пен Сапарбай Ержановтар, Қ.Байжанов, Ұ.Айтбаев орындап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. "Азаң" әнін А.В. Затаевич өте жоғары бағалап, "музыка өнеріндегі құнды олжа" деп атаған.А.Жұбанов Жарылғапбердіні "ұлттық ән өнерінің ірі өкілі" деп бағалаған.

86 жыл бұрын (1928-2011) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым ЫСМАҒҰЛОВ Жұмағали дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1943-1946 жылдары - Қостанай облысы Семиозер аудандық газетінің жауапты хатшысы. 1949-1954 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1952-1954 жылдары - «Үгітші блокноты» журналының редакторы. 1954-1958 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы. 1961-1963 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Қызылорда облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы. 1963-1965 жылдары - Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі. 1965-1969 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеті редакторының орынбасары. 1969-1973 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институты классиктердің шығармаларын аудару секторының меңгерушісі. 1973-1987 жылдары - Қазақ телеграф агенттігі директорының орынбасары, директоры. 1987 жылдан Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары «Маржан мен махаббат», «Адам мейірі» жинақтарына енген. Бальзактың «Үзілген үміттер», Стендальдың «Қызыл мен қара», Ю.Бондаревтің «Жағалау», «Таңдау», В.Анчишкиннің «Арктика аңызы» романдарын, В.Дальдің «Бөкей мен Мәулен», Э.Казакевичтің «Көк дәптер» повестерін қазақ тіліне аударған.

«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

7 9 жыл бұрын (1935-2003) театр суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СЕМИЗОРОВ Владимир Степанович дүниеге келді.

Ресейдің Луганск қаласында туған. Луганск көркемсурет училищесін, Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының суретші-қоюшы, бас суретшісі қызметтерін атқарған.

Осы театр сахнасында қойылған П.Чайковскийдің «Аққу көлі», А.Хачатурянның «Спартак» балеттеріне, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына, сондай-ақ К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры сахнасына шығарылған П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Төлебаевтың «Біржан - Сара», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсына айшықты да сәнді эскиздерін жасады.

«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.

6 2 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі БАЙМАХАНОВА Галина Александровна дүниеге келді. Алматы қаласында туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты. Жоғары оқу орнын бітірген соң В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы қызметін атқарған. 1991-1992 жж. - Қаз КСР Геоминистрлігі геологиялық-экономикалық зерттеулер экспедициясының өндірістік-техникалық ақпарат партиясының бас геологы. 1992-1992 жж.- Қаз КСР Геология министрлігінің «Казминерал» мемлекеттік өндіріс мекемесінің директоры. 1992-1994 жж. - В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасының доценті. 1994-2011 жж. - Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасының доценті. 1984-1986 жж. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының геология-барлау факультеті деканы орынбасарының қызметін қоса атқарған. 1994-1997 жж. - «Ареал» шағын жеке кәсіпкерлік мекемесінің директоры. 1997-2012 жж.- «Ареал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2012 жылдың қаңтарынан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, Алматы қалалық халықтық коммунистік партиясы комитетінің бірінші хатшысы, «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі, «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының мүшесі. Қазақстан Республикасы Жер қойнауының құрметті барлаушысы болып табылады. 40-тан астам геология және жоғары арнайы (геологиялық) білім беру мәселелері бойынша ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбегі және «Пайдалы қазбаларды зерттеулердің зертханалық әдістері» атты оқулығы бар.

6 1 жыл бұрын (1953) «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры, Түркістан қаласы мен Райымбек ауданының құрметті азаматы СҰЛТАНҒАЛИЕВ Серік дүниеге келді.

5 8 жыл бұрын (1956) ҚР Мәдениет вице-министрі БӨРІБАЕВ Асқар Исмайылұлы дүниеге келді.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын, Чайковский атындағы Москва мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірген. 1979-1988 жж. - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы, аға оқытушы, доцент; 1988-1991 жж. -Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония солисі; 1991-2002 жж. - «Солист Патры» (Греция) оркестрінің солисі әрі дирижері және онымен қатар Афины консерваториясының профессоры. 2002-2006 жж. - "Демалыс" қазыналық кәсіпорын директо ры, Астана қаласы мәдениет департаментінің директоры.2006 жылдан 2007 жылдың наурыз айына дейін - Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы. 2007-2008 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008 жылдың наурыз айынан бастап 2008 жылдын қыркүйек айына дейін Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайының директоры. 2008 жылдың 12 қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2010 жылғы 19 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі

Асқар Исмайылұлы мәдениет саласындағы өзінің қызметі барысында ішекті аспаптар квартетін, «Кончертоне» камералық оркестрінің негізін қалады, «Сон в летнюю ночь» атты классикалық музыка, джаз музыкасының «Астана блюз», «Сарыарқа» халықтық музыка, халықтық би өнеріне арналған «Қос алқа» және «Театр әлемі» секілді фестивальдердің ұйымдастырушысы. Әлемнің 30 елінде концерттік бағдарламамен өнер көрсеткен

5 7 жыл бұрын (1957) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі БАҚТИЯРҰЛЫ Мұрат дүниеге келді. Қызылорда облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 1957 жылы 17 маусымда туған, қазақ, білімі жоғары. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу бизнес және информациялық технологиялар халықаралық университетін және Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы, экономист, заңгер, с.ғ.д., профессор. Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, деканы, Қазақ мемлекеттік университеті Қызылорда филиалының директоры, Қызылорда гуманитарлық-заң колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған. Төрт медальмен марапатталған. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» құрметті атағы бар.

3 5 жыл нұрын (1979) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайлалану комитетінің мүшесі ТҰРТАЕВ Алмас Ұзақұлы дүниеге келді. 1979 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Білімі: жоғары 1996-2001 жж. - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті механика-технологиялық факультеті; 2003-2005 жж. - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті мұнай жане газ факультеті; 2011 ж. - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті саясаттану факультетінің магистранты; 1998-2001 жж. - «СЕТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қазақ тіліндегі жаңалықтар редакторы, тележүргізуші; 2001-2002 жж. - Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарындағы жауынгер; 2003-2012 жж. - «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ-да оператор, слесарь-механик, машинист, инженер-механик; 2010-2012 жж. «НефтьТехСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кеңесшісі; 2010-2011 жж. - «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» ЗТБ Қызылорда облыстық филиалының директоры; 2011 жылғы тамыздан - «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы; 2012 жылғы қаңтардан - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы фракциясының мүшесі. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.); «Атамекен» 2 - дәрежелі медалі (2011 ж) марапатталған.

40 жыл бұрын (1974) ҚР Білім және ғылым министрі СӘРІНЖІПОВ Аслан Бәкенұлы дүниеге келді.

Экономика ғылымдарының кандидаты, жоғарғы білімді әкімшілендіру саласындағы Пенсильвания Университетінің докторы (АҚШ).

Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Оклахома университетін (АҚШ), Вена дипломатиялық академиясын тәмамдады. Сонымен қатар, Гарвард университеті Кеннеди атындағы мемлекеттік саясат мектебінде тағылымдамадан өткен.

1996 жылы еңбек жолын Орталық Азия мемлекетаралық кеңесі Атқарушы комитетінің референті болып бастады.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратына ауысты. 1998-2002 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінде экономикалық мәселелер жөніндегі атташе қызметін атқарды (Вашингтон).

2002-2007 жылдары Дүниежүзілік банктің Орта Азия бойынша инфрақұрылымдар, қаржылық нарық және білім мәселелері жөніндегі жоба үйлестірушісі болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты.

2007-2009 жылдары ҚР Үкіметінің және Ұлттық банктің жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, экономикалық даму, қаржы және білім салаларына жетекшілік жасады.

2009-2013 жылдары - «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымы Атқарушы кеңесінің төрағасы болды. «Назарбаев Университеті» білім мектебінің қауымдастырылған профессоры.

«Назарбаев университеті» ДББҰ-ның құрылғанынан бастап қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

2013 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.

120 жыл бұрын (1894-1971) кеңестік мемлекеттік және саясчи қайраткер, КСРО басшысы «1953-1964) ХРУЩЕВ Никита Сергеевич дүниеге келді.