17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік гемофилия күні (World Hemophilia Day)
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік Гемофилия федерациясы бастамасымен 1989 жылдан бастап Дүниежүзілік гемофилия күні жыл сайын аталып өтеді. Гемофилия - бұл қанның ұйымауы. Ең ауыр генетикалық сырқаттардың бірі. Бүгінгі күннің дәрілік заттары гемофилияға шалдыққан адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттырды. Яғни оларды уақытылы қабылдаудың арқасында толыққанды өмір сүруге, білім алып, жұмыс істеп, отбасын құруға болады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы Қазақстанда халық комиссары және республика прокуроры болып Боран Айтмағамбетов (1901-1938) тағайындалды. Бұл лауазымда ол 2 жылдай жұмыс істеп, репрессия жылдары жазаға ұшыраған.
1991 жылы көркем-әдеби және қоғамдық-саяси «Нива» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл журналдың ұйымдастырушысы және редакторы ақын, жазушы Владимир Гундарев.
2006 жылы Лондондағы Альберт-холлда «Бабалар әуені» атты қазақ фольклорының мерекесі өтті. Онда «Тілеп» композициясы компакт-дискісінің таныстырылымы болды. Композицияның авторы - белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс. Жеті бөлімнен тұратын «Тілеп» композициясында қазақтың халық музыкасы, Абай әндері, Қорқыт пен Ықылас күйлері, Тілеп Аспантайұлының қобыз сарыны шебер қиюластырылған. Аталмыш шығарманың таныстырылымына Лондонның симфониялық оркестрі, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев, Финляндияның халық хоры, Астанадағы «Тілеп» қобызшылар квартеті мен қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты.
2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Суринам Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Екі елдің тұрақты өкілдері бірлескен коммюникеге қол қойды. Қазақстандық тараптан құжатқа Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі, Елші Бірғаным Әйтімова, Суринам тарапынан осы елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Хенри Мак Дональд қол қойды.
2013 жылы Қарағандыға «Братина» Жоғары хоккей лигасы чемпионының кубогы жеткізілді. Кубок әуе мен жерде оны бүлінуден қорғайтын арнайы футлярға салынған. Биіктігі бір метр кубоктың салмағы 20 келіге жуық. Оның басым бөлігі күмістен тұрады. Сондай-ақ, «Братина» кубогына алтын жалатылған және ағаш (жаңғақ) қолданылған.
2014 жылы Қазғарыш теңіздегі локалды дифференциалды стансаны (ТЛДС) қабылдап алды. Қазақстандағы дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің стансасы Маңғыстау облысындағы Баутино портына орнатылды. ТЛДС және ГЛОНАСС/GPS ғарыш навигациялық жүйелерінің қызмет етуі туралы жедел ақпарат Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.
2014 жылы Мемлекет басшысы Алматы қаласының шекараларын өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Енді оның құрамына Алматы облысының жалпы ауданы 23200 гектар жері, соның ішінде Іле ауданы (604,6 га), Қарасай ауданы (16069,7 га) және Талғар ауданы (6525,7 га) кірді.
2014 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника университетінде Ғарыш аппараттарының ұшуын басқаруға маманданған оқыту-білім беру орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы Қазақстанның ғарыш саласын дамытуына игі әсерін тигізеді.
2017 жылы режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Бішкектегі «Ақ Ілбіс» VI Ұлттық киносыйлығын табыстау рәсімінде Орталық Азиядағы үздік фильм атанды. Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты туындысы үш номинация бойынша, атап айтсақ, «Орталық Азияның үздік фильмі», «Орталық Азияның үздік актері» (үміткер болған - актер Әділ Ахметов), «Орталық Азияның үздік актрисасы» (үміткер болған - актриса Алтынай Нөгербек) номинациялары бойынша қатысты.
2017 жылы Испанияның орталығындағы Толедо провинциясының Лас-Вентас-кон-Пенья-Агилера қаласында қазақтың дәстүрлі киіз үйі тігілді. Оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры Кармен Арнау Муро қорына сыйға тартты. Диаметрі 6,5 метр, биіктігі 4 метр келетін киіз үйдің іші жиһаздармен, әшекейлермен толтырылды.
2018 жылы Қазақстанда Өңдеу өнеркәсібінің одағы құрылды. Одақ елдің өңдеу өнеркәсібін билік органдарымен диалог арқылы, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жылжыту үшін саланы дамытудың басты стратегиялық бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды жасап шығуды алдына мақсат етіп қойды.
2018 жылы Еуропа және Орталық Азияның несие мәліметтері провайдерлерінің қауымдастығы құрылды. Бакуде Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина және Өзбекстан елдерінің несие реестрлері және бюроларының өкілдері құрылтай құжаттарына қол қойды.
2019 жылы дәстүрлі әнші Ұлжан Байбосынова Өзбекстанның Термез қаласында өткен Халықаралық бахшы (жыршы) фестивалінде жеңімпаз атанды. Бес күнге созылған шараға Қазақстан, Корея, Моңғолия, Малайзия, Мажарстан, Сербия, Башқұртстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Болгария, Қырғызстан сынды 74 мемлекеттен 160-тан астам өнерпаз қатысты. Ұлжан Байбосынова «Көрұғлы» жырын орындады.
2020 жылы ҚР Президентінің Телерадиокешені көрермендер назарына «Еріктілер. Қауіпті аймақта» атты эксклюзивті фильмін ұсынды. Фильмде еріктілердің ТЖ режимі жағдайында, карантин госпиталіндегі өмірі мен жұмысы туралы эксклюзивті кдрлар ұсынылған.
2021 жылы АҚШ-та (Луисвилль қаласы) пара жүзуден әлем чемпионатында қазақстандықтар 11 медаль (2 алтын, 7 күміс, 2 қола) жеңіп алды. Жарысқа 20 елден 116 спортшы қатысты.