17 шілдеде «Протон-М» ЗТ құлауының себебін тергеудің алдын ала нәтижесі жария болады
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - «Протон-М» зымыран-тасымалдағышы құлағаннан кейінгі салдарын жою бойынша жұмыстар шілденің соңына дейін аяқталады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бектас Мұхамеджанов мәлім етті.
«Техникалық регламент бойынша жұмысты аяқтау үшін белгілі уақыт қажет және «Ғарыш-Экология» мамандары 10 күннің ішінде аталған жерде қосымша зерттеу шараларын жүргізеді. Менің ойымша, шілденің аяғына дейін біз бұл жұмысты тәмамдаймыз», - деді Б. Мұхамеджанов.
Сонымен қатар министрлік мәліметі бойынша 17 шілдеде «Протон-М» ЗТ құлауының себебін тергеудің алдын ала нәтижесі жарияланады.