17 жастағы қазақ скрипкашысы Абайдың әнін Израиль мен Мексикаға танытты

Осы жаңалықтарға орай Руслан, оның өмірлік ұстазы, яғни, әкесі Мұсахан Тұрынтаев пен Русланның өнерін құрметтейтін азаматтар елордада баспасөз мәслихатын өткізді. Жас таланттқа үнемі қолдау көрсетіп, ақылын айтатын азаматтардың арасында белгілі майдангер журналист, «Алеф» еврей мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Моисей Гольдберг те бар. «Руслан 16 жасында әлемнің үлкен сахналарына шыққан бала. Алдыңғы күні ғана 17 жасқа толды, сондықтан оның болашағы әлі алда. Бірнеше күн бұрын Абай ескертішінің жанында ұлы ақынның 170 жылдығына арналған шараға бардым. Жастар көп болмаса да, ақсақалдар мен қоғам қайраткерлері жиналды. Сол кезде Руслан бізге Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасын» скрипкада ойнап берді. Жел гуілдеп тұрса да, музыканы жан-тәнімізбен тыңдадық. Сонда қазақ даласының музыкасы қандай құдіретті екенін тағы ұғындық. Міне, Руслан осы ұлы Абайдың әуенін Израиль жеріне танытып, Мексика елінде жеті концерт қойып келді. Абайдың әні Русланның бойтұмары болса екен»,- деген тілегін жеткізді М.Гольдберг. Ал Русланның өзі болса оған арнайы шәкіртақы берген «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына алғысын жеткізіп, болашаққа көздеп отырған мақсаттары туралы айтып берді. «Әрине, арманым - Отанымның өнері мен мәдениетін әлемге таныту, мойындату. Израильде өткен үлкен форум осы бағытта біраз тәжірибе болды. Ұстазым, атақты скрипкашы Владимир Спиваковтан әлі де үйренерім көп, болашақта сондай биікке жетсем деймін. Бірақ мақсатым атақ алу емес, сүйікті скрипка өнерін абыроймен алып жүру», - дейді Р.Тұрынтаев. Фото: Ринат Дусумов