17 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 17 желтоқсанға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

17 желтоқсан. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1894-1938) қазақ тіл білімі көшбасшыларының бірі, ғалым-педагог, әдіскер, әдебиетші, сыншы, тарихшы, аудармашы, қоғам қайраткері Телжан ШОНАНҰЛЫ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туған. Екі сыныптық Ырғыз орыс-қазақ училищесін, Орынбор қырғыз (қазақ) мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтын бітірген.

1917 жылы Алашорда үкіметінің А.Байтұрсынов басшылық еткен Оқу комиссиясына сайланған. Мұғалім, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, доценті қызметтерін атқарған. 30-дан астам оқулықтың авторы. «Жаңалық», «Сауаттан», «Колхоз ауылы», «Оқу құралы» (А.Байтұрсыновпен бірге), «Тіл дамыту», «Қазақ тілінің оқу құралы», т.б. латын әрпі, татар, ұйғыр, түрік тілдері жайлы зерттеу еңбектері бар. «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) атты Ташкентте басылған кітабында қазақ жерін отарлаудың 200 жылдық тарихы талданған. 1994 жылы Ақтөбеде құрылған Т.Шонанұлы атындағы қайырымдылық қоры ғалым мұрасын іздестірумен, зерттеумен айналысады.

68 жыл бұрын (1953) «Қансонар» аңшылар және аң шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктері республикалық қауымдастығының бас директоры Қадырхан Махмұтұлы ОТАРОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бершегір кентінде туған. Батыс-Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты.

Еңбек жолын 1975 жылы Ақтөбе облысы «Хлебодаровский» кеңшарының зоотехник-селекционері болып бастады. Бас зоотехник лауазымынан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы лауазымына дейінгі еңбек жолын өтті. 1994 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі болып тағайындалды. 1999 жылғы қарашадан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2014 жылғы маусым айынан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарады. 2014 -2019 жж. Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары. ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы (2019-2020).Қазіргі қызметін 2020 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді. «Құрмет» (2001), «Парасат» (2006), 3-дәрежелі «Барыс» 3-й (2011) ордендермен, мерейтой медальдарымен марапатталған.

67 жыл бұрын (1954) педагогика ғылымдарының докторы, математика профессоры, Жоғары мектеп ғылымдары Халықаралық Академиясының академигі, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Хайроллаұлы ЗАКИРЬЯНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1993-1995 жылдары - Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыс әкімінің орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болған. Қазіргі қызметінде - 1998 жылдан. АҚШ-тағы Иллинойс университетінің құрметті профессоры. Қазақстан университеттері Ұлттық спорт одағының президенті, Еуропа мен Азиядағы спорт жоғарғы оқу орындары қауымдастығының бірінші вице-президенті.

40 жыл бұрын (1981) «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорын директоры Руслан Тоқтарбекұлы ЕМЕЛБАЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2007 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих» мамандығы бойынша магистратураны бітірген. Педагогикалық ғылымдар магистрі. Еңбек жолы: 2007-2010 ж.ж. - «Қазақстан тарихы» пәнінің мұғалімі. 2010-2015 ж.ж. - ҰБТ-ға дайындық бойынша Оқу орталығының директоры, Павлодар қаласы. 08.2015-08.2016 ж.ж. - Тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру бөлімінің басшысы, «DОSTYK» орталығы; 08.2016-01.2019 ж.ж. - Қоғаммен байланыс жөніндегі директор, «Education Consulting». 01.2019-08.2021 ж.ж. – Жобаларды басқару жөніндегі директор, «EduCon» ЖШС. 08.2021-10.2021 ж.ж. – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директорының міндетін атқарушы.

2021 жылғы 22 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен (2019) және басқа да алғыс хаттармен марапатталған.

39 жыл бұрын (1982) Тараз қаласының әкімі Ержан Жұматұлы ЖЫЛҚЫБАЕВ дүниеге келді.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Өзінің еңбек жолын 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының экономика департаментінің бас маманы болып бастаған. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бас эксперті болып жұмыс атқарған. 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің бөлімі бастығы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі лауазымдарында жұмыс атқарды. 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары. 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы әкімінің орынбасары. 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аймақтық жұмысының мемлекеттік инспекторы лауазымында қызмет атқарды. 2016-2019 жылдары – Алматы қ. Медеу ауданының әкімі. (03.2019-04.2019); ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі (2019-2020). Жамбыл облысы әкімінің орынбасары (2020-2021).

Қазіргі қызметін 2021 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.