17 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1953) «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қадырхан Махмұтұлы ОТАРОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бершегір кентінде туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты.

Еңбек жолын 1975 жылы Ақтөбе облысы «Хлебодаровский» кеңшарының зоотехник-селекционері болып бастады. Бас зоотехник лауазымынан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы лауазымына дейінгі еңбек жолын өтті. 1994 жылғы мамырда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. 1999 жылғы қарашадан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін ҚР жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы, ҚР Өңірлік даму министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2014 жылғы маусым айынан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарады. 2014-2019 жылдары – Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды. 2019-2020 жылдары ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы қызметінде. «Қансонар» аңшылар және аң шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктері республикалық қауымдастығының бас директоры.

«Құрмет» (2001), «Парасат» (2006), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2011) ордендермен, медальдармен марапатталған.

69 жыл бұрын (1954) педагогика ғылымының докторы, Жоғары мектеп ғылымдары Халықаралық Академиясының академигі, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Хайроллаұлы ЗАКИРЬЯНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1993-1995 жылдары – Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыс әкімінің орынбасары. 1995-1998 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болған. Қазіргі қызметінде 1998 жылдан. АҚШ-тағы Иллинойс университетінің құрметті профессоры. Қазақстан университеттері Ұлттық спорт одағының президенті, Еуропа мен Азиядағы спорт жоғарғы оқу орындары қауымдастығының бірінші вице-президенті.

57 жыл бұрын (1966) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дәулет Ерланұлы СТАМБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келді. Алматы сәулет-құрылыс институтын «инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірді (1991).

Еңбек жолы: 1991-1992 жылдары Алматы қор биржасының брокері, 1992-1997 жылдары "Анар" халықаралық сауда үйі АҚ директоры (1992-1997); 1997-2000 жылдары "ALA Data Systems ltd" ЖШС Бас директоры; 2000-2001 жылдары РМК қызметкері мұнай-газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасы (2000-2001); 2001 жылы Энергетика және минералдық ресурстар Министрлігі Бас директорының бірінші орынбасары; 2001-2003 жылдары "ALA Data Systems ltd" ЖШС Бас директоры (2001-2003); 2003-2004 жылдары "Қазтрансойл" ЖАҚ Корпоративтік даму департаментінің директоры (2003-2004); 2004 жылы "ALA Data Systems ltd" ЖШС Бас директоры; "Alacard Petroltech"ЖШС президенті; 2013-2014 жылдары Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры; 2015-2018 жылдары Алматы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.

48 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Асқарұлы ИСЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек қызметі: 1998-2004 жылдары ҚР СІМ Шарттық-құқықтық басқарма референті, Халықаралық-құқықтық департаменті директорының орынбасары; 2004-2012 жылдары Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің қызметкері; 2012-2018 жылдары ҚР СІМ Халықаралық-құқықтық департаментінің директоры; 2018-2022 жылдары Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Қазіргі қызметінде 2022 жылғы сәуірден бастап.

44 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Нұржан Қажымұратұлы ҚАЖЫАҚБАРОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2020 жылы РФ СІМ Дипломатиялық академиясының магистратурасын бітірген.

1999-2000 жылдары – республикалық арнайы физика-математикалық мектеп-интернаттың олимпиадалық резервті даярлау бойынша математика мұғалімі. 2000-2002 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігі Экономикалық саясат департаментінің референті, атташесі. 2002 жылы – Қазақстан СІМ-нің Инвестиция жөніндегі комитетінің үшінші хатшысы. 2002-2004 жылдары – Қазақстан СІМ-нің ТМД істері жөніндегі комитетінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы. 2004-2006 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Сыртқы байланыстар бөлімінің сарапшысы қызметтерін атқарды. 2006-2016 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі, осы орталық меңгерушісінің орынбасары. 2016-2017 жылдары Қазақстан СІМ-нің ТМД департаментінің директоры. 2017-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі.

2022 жылғы 28 сәуірде ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары болып тағайындалды.

42 жыл бұрын (1981) «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорын директоры Руслан Тоқтарбекұлы ЕМЕЛБАЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2007 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін магистратурасын «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. Педагогикалық ғылымдар магистрі.

Еңбек жолы: 2007-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» пәнінің мұғалімі; 2010-2015 жылдары ҰБТ-ға дайындық бойынша Оқу орталығының директоры; 2015-2016 жылдары Тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру бөлімінің басшысы, «DОSTYK» орталығы; 2016-2019 жылдары Қоғаммен байланыс жөніндегі директор, «Education Consulting»; 2019-2021 жылдары Жобаларды басқару жөніндегі директор, «EduCon» ЖШС; 2021 жылы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директорының міндетін атқарушы.

Қазіргі қызметіне 2021 жылғы 22 қазаннан бастап кірісті.

ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен (2019) және басқа да алғыс хаттармен марапатталған.

129 жыл бұрын (1894-1938) қазақ тіл білімі көшбасшыларының бірі, ғалым-педагог, әдіскер, әдебиетші, сыншы, тарихшы, аудармашы, қоғам қайраткері Телжан ШОНАНҰЛЫ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туған. Екі сыныптық Ырғыз орыс-қазақ училищесін, Орынбор қырғыз (қазақ) мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтын бітірген.

1917 жылы Алашорда үкіметінің А. Байтұрсынов басшылық еткен Оқу комиссиясына сайланған. Мұғалім, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, доценті қызметтерін атқарған. 30-дан астам оқулықтың авторы. «Жаңалық», «Сауаттан», «Колхоз ауылы», «Оқу құралы» (А. Байтұрсыновпен бірге), «Тіл дамыту», «Қазақ тілінің оқу құралы», т.б. латын әрпі, татар, ұйғыр, түрік тілдері жайлы зерттеу еңбектері бар. «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) атты Ташкентте басылған кітабында қазақ жерін отарлаудың 200 жылдық тарихы талданған. 1994 жылы Ақтөбеде құрылған Т. Шонанұлы атындағы қайырымдылық қоры ғалым мұрасын іздестірумен, зерттеумен айналысады.

Соңғы жаңалықтар