170 мың жапондық шеруге шықты
АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - 170 мыңнан аса жапондық Ёёги саябағында жиналып, Фукусимадағы апаттан кейін тоқтатылған атом электр станцияларын қайта іске қосуға қарсылық ретінде шеру өткізуде.
Бұл туралы Лента руға сілтеме жасап, BAQ.KZ хабарлайды.
Манифестанттардың көшбасшылары қатарында Нобель сыйлығының лауреаты Кендзабуро Ое бастаған бірқатар жапондық танымал адамдар бар. Бұл шара "Атом қуаты, қош бол" деген ұранмен өткізілуде.
Реакторларды қайта қосу жөніндегі позицияны ұстанған үкімет, елдің жалпақ жұртшылығының тағдырына көз жұма қарап, ашықтан-ашық қатерге итеріп отыр, дегенді алға тартуда жиналғандар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жапон үкіметі Фукусимодағы апаттан кейін тоқтатылған АЭС-ті қайта іске қосу туралы шешім қабылдаған болатын. 1-ші шілдеде Фукуи провинциясындағы АЭС-тің үшінші энергоблогының жұмысы қайта жанданған. Билік бұл қадамын елде электр қуатының жетіспеушілігімен түсіндіреді. Алайда, табиғат апатына жиі ұшырайтын елде АЭС-ті пайдалану, ел үшін үлкен қауіп дейді көптеген тұрғындар.
"Фукусима-1" станциясындағы апат 2011 жылдың наурызында орын алған еді. Жер сілкінісі мен цунами кесірінен реакторларды салқындату жүйесінде ақау пайда болып, жанармай стержендері балқып, жарылыс болған. Соның салдарынан радиация сол маңдағы аймаққа тарап, ол жерлер өмір сүруге жарамсыз деп танылған болатын.