17,7 мың тонна қалдық заңсыз көмілген: Eco-Mangistau-ға айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстауда «Eco-Mangistau» ЖШС аумағында 2019–2023 жылдары 17,7 мың тоннадан астам өндірістік қалдықтың жер астына заңсыз көмілгені анықталды. Компанияға жалпы сомасы 1,73 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Экология департаменті мәлімдеді. 

17,7 мың тонна қалдық заңсыз көмілген: «Eco-Mangistau»-ға айыппұл салынды
Фото: Маңғыстау облысының Экология департаменті

— Маңғыстауда өндірістік қалдықтарды заңсыз көмген «Eco-Mangistau» ЖШС-не 1,73 млн теңге айыппұл салынды. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, қалдықтарды басқару және экологиялық талаптарды сақтау кезінде бірқатар заңбұзушылықты анықтады — делінген хабарламада.

Қандай заңбұзушылық анықталды?

Тексеру кезінде 2019–2023 жылдары 17 694 тоннадан астам өндірістік қалдықтың қайта өңделмей, «Eco-Mangistau» аумағында жер астына көмілгені анықталды.

Бұл қалдықтарды бұған дейін «ҚалжанҚұрылыс» ЖШС қайта өңдеу үшін қабылдаған. Осы жағдайға байланысты 2023 жылы әкімшілік іс қаралып, сот шешімі шыққан.

Мұнай қалдығы
Фото: Маңғыстау облысының Экология департаменті

Қалдықтарды көму кезінде жер қазу жұмыстары жүргізіліп, топырақтың табиғи қабаты бүлінген.

Сонымен қатар компания өндірістік және қауіпті қалдықтарды сақтау, қайта өңдеу және кәдеге жарату нысанында қажетті экологиялық рұқсаттарды алмай тұрып, құрылыс және дайындық жұмыстарын жүргізген.

Қандай талаптар бұзылды?

Экологиялық кодекске сәйкес, қалдықтарды тек арнайы белгіленген және талапқа сай жабдықталған орындарда сақтауға болады.

Сондай-ақ жерді пайдалану кезінде топырақты ластауға, қоқыстауға және оның құнарлылығын төмендетуге жол берілмеуі керек. Егер жер ластанса, оның салдарын жою шаралары қабылдануы тиіс.

Бұдан бөлек, I және II санаттағы нысандарды тиісті экологиялық рұқсатсыз салуға және пайдалануға болмайды.

Экология
Фото: Маңғыстау облысының Экология департаменті

Компанияға қандай шара қолданылды?

Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты «Eco-Mangistau» ЖШС-не қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды.

Нәтижесінде компанияға жалпы сомасы 1,73 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында балмұздақ зауытының өзенге қалдық төккені анықталған еді.  Түркістан облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жоспардан тыс тексеру жүргізу, ағынды су сынамаларын алу және заңнамада көзделген ықпал ету шараларын қабылдау туралы хат жолдаған болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда қауіпті қалдықтарды зерттеу мен бақылау күшейеді.