18 ақпан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 18 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан балаларының «Бөбек» қайырымдылық қоры құрылды. Оның негізгі мақсаты – ана мен баланы қорғау.

1992 жылы Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан республикалары арасында мемлекетаралық су ресурстарын бірлесе басқару және пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылды.

1993 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне ғалым-этнограф, фольклоршы Әубәкір Диваевтың есімі берілді.

2003 жылы Ресей және Қазақстан президенттерінің қатысуымен Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театрында Қазақстанның Ресейдегі жылының ашылу рәсімі өтті. Мерекелік шаралардың аясында 2003 жылдың 17-20 ақпан күндері Мәскеудегі Кремльде «Алтын адам. Сақ қорғандарының қазынасы» көрмелері, қазақстандық кино апталығы, Қазақстан өнер шеберлерінің концерттері, т.б шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті мен «Әлем мойындаған Қазақстан» атты кітап көрмесі өтті.

2008 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы актуарий мектебі ашылды. Актуарий – тәуекелдер мен мүмкіншіліктерді бағалай алатын арнайы білімі бар әрі сақтандыру компаниялары қаржы кызметінің негізі саналатын есептеу жүйесін іске асыратын маман.

2013 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ISO50001 энергоменеджмент жүйесін енгізді. Осылайша, университет аталған жүйені өзіне енгізген ТМД аумағындағы тұңғыш әрі жалғыз ұйым болды. ISO 50001 – Энергожүйелерді басқару үшін стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым арқылы құрылған халықаралық стандарт, бұл энергоменеджмент жүйесін жақсарту және орнату, енгізу және оған көмек көрсету бойынша талаптарды айқындайды.

2014 жылы Түркияның Эскишехир қаласындағы Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VI Конгресінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік «2013 жылғы Түркі әлемінің үздік жазушысы» атағына ие болды. Төлен Әбдіктің ең танымал кітаптары 13 түркі тіліне аударылған.

2015 жылы Бүкіләлемдік Универсиада туы Алматы дирекциясына тапсырылды. Қазақстан – Универсиада өткізген ТМД елдері арасындағы тұңғыш мемлекет.

2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия жүктерді Қытайдың порттарынан Батуми портына, ол жерден Түркия және Еуропаға тасымалдау мүмкіндігін беретін теміржол консорциумын құруға келісті.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Академия қызметінің негізгі бағыттары – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, қайта даярлау, ғылыми қызметті жүзеге асыру.

2018 жылы Мағжан Жұмабаев шығармаларының жинағы түрік тілінде жарық көрді. Аударған – түріктің белгілі ақыны Әли Акбаш. Ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойына байланысты Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялады. Осыған орай, Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығару қолға алынды.

2020 жылы Рахат Бекболат Ташкент қаласында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында жаңа әлемдік рекорд орнатты. Қызылорда ауыр атлетика мектебінің тәрбиеленушісі қоссайыста 356 келі (158+198) салмақ көтерген. Осылайша, ол 17 жасқа дейінгі жігіттер мен 20 жасқа дейінгі юниорлар арасында чемпион атанып, «жұлқа көтеруден» жастар арасында әлемдік рекорд орнатты.

2021 жылы Марсқа Perseverance жаңа ровері жетті. Ол ғылыми жабдықтармен қатар, қызыл планетаға миллиондаған адамның есімін жеткізді. Олардың арасында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген бар.

2021 жылы Минск қаласындағы «Кітап адам мен елді біріктіреді» XXVIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған экспозиция ашылды. Экспонаттардың ішінде өткен және қазіргі жылдардағы мерейтой иелері – Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың БҰҰ-ның 6 негізгі тіліне аударылған бірегей басылымдары болды.

2024 жылы Бахрейн астанасы Манама қаласында өткен «Челленджердің» финалында әлем рейтингінде 231-ші орында тұрған және Қазақстанның атынан шыққан Михаил Кукушкин әлем рейтингінде 130-шы орында тұрған француз Ричард Гаскені жеңді. Кукушкин маусымдағы алғашқы «Челленджерді» жеңіп алды және жеке сында мансабындағы 15-ші жеңісіне жетті. Бахрейндегі жарыс атағы үшін ол 125 рейтингтік ұпай жинап, соның арқасында әлемдік рейтингте 162-ші орынға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар