18 елдің көшбасшылары ХАМАС-ты кепілге алынғандарды босатуға шақырды

18 елдің көшбасшылары ХАМАС-ты кепілге алынғандарды босатуға шақырды
Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM – 18 елдің бірлескен мәлімдемесінде кепілге алынғандарды босату туралы келісім дереу және ұзаққа созылған атысты тоқтатуға алып келетіні және қосымша гуманитарлық көмек көлемін арттыруға көмектесетіні айтылған, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі. 

АҚШ, Германия және тағы 16 ел Палестинаның радикалды ислам ұйымы ХАМАС-ты Газа секторында 200 күннен астам уақыт бойы кепілге алынғандарды босатуға шақырды. Бұл туралы бейсенбі, 25 сәуірде Ақ үйдің сайтында жарияланған бірлескен мәлімдемеде айтылған.

Оған АҚШ президенті Джо Байден мен Германия федералдық канцлері Олаф Шольцтан басқа Аустрия, Аргентина, Бразилия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Дания, Испания, Канада, Колумбия, Польша, Португалия, Румыния, Сербия, Таиланд және Франция басшылары қол қойды.

«Біз ХАМАС-тың Газада 200 күннен бері кепілдікке ұстап отырған барлық адамдарды дереу босатуға шақырамыз. Олардың арасында біздің азаматтар да бар. Газадағы кепілге алынғандар мен бейбіт тұрғындардың халықаралық құқықпен қорғалған тағдыры халықаралық алаңдаушылық тудырады», - делінген мәлімдемеде.

Құжатта мұндай мәміле ұзаққа созылған атысты тоқтатуға алып келетіні, қосымша гуманитарлық көмектің ұлғаюына ықпал ететіні және соғыс қимылдарының аяқталуына әкелетіні атап өтілген.

Соңғы жаңалықтар
telegram