18 қаңтар. Тұлғалар туған күн

ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

Бүгін, 18 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

61 жыл бұрын (1963) Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Қабылжапарұлы ХАМИТОВ дүниеге келді.

Павлодар қаласында дүниеге келді. Р.Руденко атындағы Еңбек Қызыл Ту Орденінің Свердлов заң институтын, Қазақстан инновациялық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің Ішкі істер қызметінен бастаған. 1990-2018 жылдары Павлодар облысының прокуратурасында жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап өңірдің мемлекеттік органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды. Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының Мемлекеттік қызмет көрсету және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.

Мұрат Қабылжапарұлы ХАМИТОВ
Фото: gov.kz

49 жыл бұрын (1975) Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Маратұлы ШАМЕТЕКОВ дүниеге келді.

2000 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2001 жылы Батыс Қазақстан медицина академиясының интернатурасын «Хирургия» мамандығы бойынша, 2006 жылы Д.А.Қонаев атындағы университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2014 жылы «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша Доктор (PhD) ғылыми дәрежесін алған.

Еңбек жолы: 2001 жылы Байқоңыр қалалық ауруханасының қабылдау бөлімшесінің хирург дәрігері, 2004-2005 жылдары Астана қаласы ҰҒМО-ның хирург дәрігері, 2005-2006 жылдары ҚР ДСМ жоғары мамандандырылған хирургиялық медициналық көмекті ұйымдастыру және пациенттерді шетелге емделуге жіберу мәселелері жөніндегі консультанты, 2006-2007 жылдары ҚР ДСМ Білім, ғылым және халықаралық ынтымақтастық департаменті Білім және ғылым басқармасы, Медициналық және фармацевтикалық кадрларды даярлауды жоспарлау және мониторингі бөлімінің жетекші маманы, 2007 жылы ҚР ДСМ Білім, ғылым және адами ресурстар департаментінің Ғылым және жаңа технологиялар бөлімінің жетекші маманы болып қызмет атқарды. 2007-2008 жылдары Әлеуметтік нормативтер және мүгедектерді оңалту департаменті Мүгедектерді оңалту және медициналық-әлеуметтік сараптама басқармасының медициналық-әлеуметтік сараптама әдіснамасы бөлімінің бас маманы, 2008 жылы Ғылым және адами ресурстар департаменті Адами ресурстарды дамыту басқармасының бірінші санатты сарапшысы, 2009-2011 жылдары Денсаулық сақтауды дамыту және стратегия департаменті Халықаралық ынтымақтастық және инновациялық жобалар басқармасының бас сарапшысы, 2011 жылы Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2012 жылдары Жамбыл облысы бойынша Комитет Департаменті директорының міндеттерін атқарушы болып жұмыс істеді. 2012-2013 жылдары Жамбыл облысы бойынша Комитет Департаментінің директоры, 2013-2014 жылдары Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2014 жылы «ҚазМҮБУ» АҚ өңірлер бойынша директоры, 2014 жылы «ҚазМҮБУ» АҚ ұйымдастыру жұмысы жөніндегі проректоры, 2015-2016 жылдары ДСДРО Денсаулық сақтау менеджменті орталығы басшының міндеттерін атқарушы қызметінде болды.

2016-2019 жылдары Астана қаласы ШЖҚ «№3 қалалық емхана» КМК бас дәрігері, 2019-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы ШЖҚ «№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» КМК директоры болып жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың 20 маусымынан бастап атқарып келеді.

Иран Маратұлы ШАМЕТЕКОВ
Фото: mgdb-3.kz

45 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Ержан Ерікұлы БІРЖАНОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған.

Еңбек жолын 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитетінің жергілікті салықтар секторының аға салық инспекторы болып бастады. 1999-2004 жылдары СҚО бойынша Салық комитетінде жұмыс істеді. 2004-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды. 2014 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сарапшысы, 2014-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаңғырту департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2017 жылы «Қазимпэкс» республикалық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы қызметінде болды. 2018-2020 жылдары «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып жұмыс істеді. 2020-2021 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жұмысын бақылау және үйлестіру департаментінің басшысы лауазымын атқарды. 2021-2022 жылдары ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

Ержан Ерікұлы БІРЖАНОВ
Фото: gov.kz

43 жыл бұрын (1981) ҚР Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары Сәкен Сансызбайұлы ЖОРАБЕКОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында (қазіргі – Тараз) туған. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: Прокуратура органдарындағы қызметін 2002 жылы Орал қаласы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған. Әр уақыттарда Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарының прокуратураларында және Бас прокуратурада қызмет атқарған. Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болып қызмет атқарған.

Сәкен Сансызбайұлы ЖОРАБЕКОВ
Фото: gov.kz

39 жыл бұрын (1985) «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алтай Шоқанұлы КҮЗДІБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 2005 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-де Менеджмент магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолы: 2008-2009 жылдары «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Халықаралық еншілес ұйымдарды дамыту департаментінің бас маманы, 2009-2012 жылдары «Бірінші несиелік бюро» ЖШС Қаржылық жоспарлау және қызметтерді дамыту бөлімінің басшысы, 2012-2013 жылдары «Мемлекеттік несиелік бюро» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметінде болды. 2013 жылы «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі болып тағайындалды. 2015-2020 жылдары «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметінде 2020 жылғы тамыздан бастап.

Алтай Шоқанұлы КҮЗДІБАЕВ
Фото: kapital.kz

37 жыл бұрын (1987) қазақстандық әнші және актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2015) Жанар Асылбекқызы ДҰҒАЛОВА дүниеге келді.

Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Үш жасқа толғанға дейін Таллинде тұрды, содан кейін отбасымен Павлодарға қайта оралды. Бес жасында анасының талабы бойынша Оқушылар сарайының эстрадалық студиясының үйірмесіне барды. Алты жасында ол «Әнші балапан» облыстық вокалдық байқауында жеңіске жетіп, кейін республикалық байқауда да жеңді. Он жасында «Айналайын» балалар байқауында Роза Рымбаевамен дуэт болып шырқады. Кейін көптеген ұлттық және халықаралық вокалдық байқауларға қатысып, 70-тен астам марапаттардың иегері болды.

Қазақ лицейі мен фортепиано сыныбы бойынша музыка мектебін бітірген. Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсті. 2004 жылдан бастап ГИТИС-те оқыды, оны қызыл дипломмен бітірді. 2011 жылы «Коктейль для звезды 2» қазақстандық мелодрамалық фильмінде ойнады. 2012-2014 жылдары «КешYou» қазақ қыздар поп-тобының құрамында ән шырқады.

2014 жылдың қараша айында Жанар Дұғалова «Ізін көрем» («Вижу их след») әнімен Тюрквидение-2014 халықаралық музыкалық байқауына қатысты. Ол 225 ұпай жинап, финалда жеңіске жетті. 2015 жылғы 3 желтоқсандағы жарлықпен оған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Жанар Асылбекқызы ДҰҒАЛОВА
Фото: kk.wikipedia.org
Соңғы жаңалықтар