18 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 18 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ КСР-інде тұратын көп балалы аналарға «Батыр Ана» атағын беру туралы» Жарлығы жарияланды.
1992 жылы Аустрия Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін мойындады. Ал осыдан бір ай өткен соң, 1992 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мен Аустрия Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнады.
2005 жылы Мәскеуде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылды. Шекараның жалпы ұзақтығы 7 590 шақырымды құрайды.
2006 жылы Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында тарихи-тағылымдық «Қазақтар» драмасының премьерасы болды. Қойылымда қазақ халқының өз алдына мемлекет болып қалыптасу кезеңі сөз болып, ал негізгі идеясы - түбі де, тегі де бір түркі әлемінің аласапыран мына заманда қайта тұтасу мақсатын көздейді.
2011 жылы Астанада DVB-S2 сандық стандартында телерадио таратудың ұлттық спутниктік желісінің іске қосылу салтанаты өтті. Спутник хабар таратудың жаңа жүйесі елдің барлық тұрғындарына, соның ішінде шалғайда орналасқан ауылдық елді мекендердің спутниктік каналдар арқылы 37 республикалық және өңірлік телерадиобағдарлама қабылдауға мүмкіндік туғызды.
2012 жылы Алматы метрополитенінің миллионыншы жолаушысы белгілі болды. Ол – қаланың 27 жастағы тұрғыны Әділжан Псяев болып шықты. Алматы метрополитені 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған.
2014 жылы Алматыда Әбілхан Қастеевтің мұражай-үйі ашылды. Мұражай суретшінің 1957-1973 жылдар аралығында өзі тұрған үйінде орналасқан. Ондағы жәдігерлер Ә.Қастеевтің өз қолынан шыққан туындылары мен жеке заттары. Сонымен қатар мұражайға оның суреттері мен құжаттары қойылған.
2015 жылы Лондонның St. Luke's соборында танымал қазақ композиторы Еркеш Шәкеев шығармаларының әлемдік премьерасы өтті. Кеш Марат Бейсенғалиев пен Лондон симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
2017 жылы «Қазпошта» АҚ «Рио-де-Жанейродағы XV Паралимипиадалық ойындар» тақырыбымен «Спорт» сериялы пошта маркаларын айналымға шығарды.
2018 жылы ҚР Президентінің төрағалық етуімен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы болды. Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісі «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» деген тақырыппен өтті. Қазақстан кеңеске төраға ретінде аталған шараның тұжырымдамасын ұсынып, оны ҚК-нің барлық мүшелері қолдаған болатын. Құжатта «Бейбітшілік. XXI ғасыр» Манифесі және 2017 жылдың 6 қаңтарындағы «Қазақстанның қауіпсіз әділ, дамыған әлем үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі тұжырымды көзқарасы» атты екі құжат негізге алынған.
2018 жылы «Қазақстанның 100 жалпыұлттық қасиетті жері» республикалық тізіліміне Ақмола облысындағы 10 киелі орын енгізілді. Олар: Құмай археологиялық-этнографиялық кешені, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Батығай кесенесі, Оқжетпес тауы, Қабанбай батыр кесенесі, «Беспақыр» мазары, Баубек батыр моласы.
2019 жылы Атырауда қазақ үш биіне – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биге ескерткіш орнатылды. Монументтің биіктігі 4 метр, қоладан жасалған. Ескерткіштің авторы – танымал қазақстандық мүсінші Бақытбек Мұхаметжанов.
2021 жылы Өскемен қаласының жаңа логотипі әзірленді. Ол ресми іс-шаралар мен құжаттарда, сондай-ақ кәдесый және басқа да атрибутиканы брендтеуде қолдануға арналған. Логотипте Алтай таулары мен Үлбі өзенінің Ертіске құяр сағасы бейнеленген.
2023 жылы ҚР Әділет министрлігінде «Respublica» партиясы» Қоғамдық бірлестігі тіркелді. Партия филиалдарын тіркеу басталды.
2023 жылы «ЗИКСТО» АҚ Петропавлда жолаушылар вагондары өндірісін іске қосты. Алғашқы бес вагон «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұлттық операторының тапсырысымен құрылған.
2024 жылы Мысырдан Қазақстанға Отырардан келген ғалым әрі ақын Исмаил бен Хаммад әл-Жухари әл-Фарабидің «Әс-Сиха» атты көне кітабы жеткізілді. Кітап – ғылыми іссапар барысында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде ұлттық қорға енген мұралардың бірі. Кітаптың атауы «Араб тілінің сөз тәжі және дұрыс сөздері» деп аударылады. Исмаил әл-Жухари әл-Фарабидің бұл еңбегі 6 томнан тұрады. Бұған дейін Алматы Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында қолжазба күйінде ғалымның «Әс-Сихах» еңбегінің бір томы сақталған. Сонымен қатар, бұл құнды еңбектің түрлі қолжазба нұсқалары Лондон, Берлин, Лейден және Париж кітапханаларында бар. Египетте табылған нұсқасы елдегі нұсқаларды толықтырады.
2024 жылы Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде бұл Италияға алғашқы сапары екенін атап өтіп, Серджо Маттареллаға қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі Италия Республикасымен қарым-қатынастардың ұзақ мерзімді және өзара тиімді сипатын атап өтті.