18 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 18 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл – қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берген аса маңызды құжат болды.

1997 жылы Вашингтонға ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың сапары барысында «Қарашығанақ» мұнай-газ кеніші жөніндегі келісімге қол қойылды. Пайда үлесінің 80%-ы Қазақстанға тиесілі болды.

1999 жылы Астана қаласы көшелерінің біріне жазушы Қошке Кемеңгерұлының есімі берілді.

1999 жылы Қарағанды облысының Ульянов елді мекенінде Бұқар жырауға ескерткіш орнатылды.

2013 жылы Түркияның Самсун қаласындағы үлкен сахнада танымал қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармасы – «Біржан мен Сара» операсы қойылды.

2014 жылы Қазақстан астрономиясының даму кезеңдерінен сыр шертетін «Астрономия» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы үлкен энциклопедия жарық көрді.

2014 жылы Чеджуде (Оңтүстік Корея) Халықаралық бокс қауымдастығының конгресінде отандық бокс тарихында елеулі оқиға болды. Алғаш рет AIBA вице-президенті лауазымына Қазақстанның екі өкілі – Тимур Құлыбаев пен Серік Қонақбаев сайланды.

2014 жылы Алматы қаласы Алатау ауданы аумағындағы «Көкқайнар» шағын ауданының маңында тарихи мұражайлар археологтері мен мамандары қорғандардың бірінен біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырлардағы әйелдің сүйегін тапты. Жәдігердің бірегейлігін молада болған заттар мен жерлеу ерекшеліктерінен байқауға болады. Оның жанынан құмнан жасалған ыдыс, құрбандыққа сойылған қой сүйегі, үлкен қола жүзік, шаш жинайтын түйреуіш, қоладан жасалған айна табылды. Мұндай ежелгі айнаның саны Қазақстан бойынша 10-ға жетер-жетпес.

2016 жылы Мәскеуде өткен ең үздік туристік бағыттар айқындалатын «National Geographic Traveler Awards-2016» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстанның астанасы «Болашақтың қаласы» арнайы аталымын жеңіп алды.

2017 жылы Қазақстандық мектеп оқушылары Коста Рикада өткен WRO-2017 робот техникасы бойынша бүкіләлемдік олимпиадада үздік нәтиже көрсетті. Онда Ратмир Сартбаев пен Әнел Кәрімғали жасаған өрт сөндіруші робот шығармашылық санаттағы үздік жобалардың бірі атанды.

World Robot Olympiad – робот техникасы бойынша 10-21 жас аралығындағы жастар мен оқушыларға арналған басты халықаралық байқау. Олимпиада 2004 жылдан бері өткізіліп келеді.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне толықтыру енгізу туралы Қаулысы күшіне енді. Тізімде «Сүтқоректілер» класы 128-1 Каспий итбалығы Pusa caspica жолымен толықтырылды.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлы Даланың ежелгі өнері мен технологиялар залы ашылды. Экспозицияда Есік, Берел, Талды, Тақсай және басқа қорғандардан алынған «аң» стиліндегі скиф-сақ кезеңінің бірегей алтын бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

2021 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қазақ телевизиясының қайраткерлері Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртазаның бюсттері және Радио хабарлары мен телевизия комитетінің бірінші төрағасы Қанапия Мұстафиннің құрметіне арналған мемориалдық тақта ашылды.

2021 жылыҚазақстан-Британ техникалық университетінде Совет одағының батыры генерал Иван Панфиловтың атымен аталған аудитория ашылды.

2022 жылы ҚР Ұлттық музейінде танымал археолог, т.ғ.д., профессор Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті.

Дьявол носит Prada 2
Ұқсас жаңалықтар

233 млн доллар: «Дьявол носит Prada 2» фильмі әлемдік прокатта бірінші орынға шықты