18 маусымнан бастап «Salam Air» лоукостері Алматыдан Оманға қайта қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында шетелдік лоукестерлердің Қазақстанның әуе тасымалына кіру мүмкіндігі туралы мәлімет берді.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 10-нан астам бюджеттік авиакомпания тұрақты рейстерді орындайды: «Air Asia Х» (Малайзия), «IndiGO» (Үндістан), «Jazeera Airways» (Кувейт), «Wizz Air Abu-Dhabi» (БАӘ), «Air Arabia» (БАӘ), «FlyDubai» (БАӘ), «Pegasus Airways» (Түркия), «Air Cairo» (Мысыр), «Red Sea» (Мысыр), «Flynas» (Сауд Арабиясы), «Vietjet Air» (Вьетнам) және т.б. Сонымен қатар, 2024 жылғы 14 наурыздан бастап оңтүстік-шығыс Азиядағы ең ірі лоукостерлердің бірі малайзиялық «Air Asia Х» авиакомпаниясы аптасына 4 рейс жиілігімен Куала-Лумпур – Алматы бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындап келеді. Бұған қоса, осы жылғы 18 маусымнан бастап Оман сұлтандығының лоукостері «Salam Air» авиакомпаниясы тұрақты жолаушылар рейсін Қазақстанға орындауды қайта жалғастыруды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 2 рет жиілікпен Алматы – Маскат бағыты бойынша Airbus 320 және Airbus 321 әуе кемелерінің типтерінде орындалады», - делінген министрлік жауабында.
Қазақстанда «ашық аспан» режимі енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Бұл режим шетелдік әуе компанияларына Қазақстан аумағына ешқандай шектеусіз рейстер орындауға мүмкіндік береді.
«Жаңа шетелдік бюджеттік компаниялар Қазақстан Республикасына рейстер ашады деп жоспарланған. Билет бағасына келетін болсақ, халықаралық тәжірибеге сәйкес, әуе авиабилеттерінің бағасы реттелмейді. Өйткені ол әуе көлігінің дамуына және қызмет сапасын жоғарылатуға кедергі келтіреді. Алайда бәсекелестік өз кезегінде билет бағасына әсер етуі мүмкін», - деп жазылған ресми жауапта.