1,8 млрд теңгені заңдастырған қылмыстық топтың мүшесі Ресейден экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Тергеу дерегінше, Қазақстан азаматы қылмыстық топтың құрамында Теміртау қаласында аса ірі мөлшерде есірткі өндіруді ұйымдастырған. Дайындалған психотроптық заттар мен олардың аналогтары кейін Қарағанды облысының аумағында таратылған.
Қылмыстық әрекеттен түскен қаражатты заңдастыру үшін түрлі қаржылық операциялар жүргізілген. Соның ішінде криптоайырбастау сервистері арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат заңдастырылған. Бұдан бөлек, 600 млн теңгеден астам қаражатқа жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдары сатып алынған. Аталған активтерді мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында оларға тыйым салынған.
– Қылмыстық топ мүшелерінен 10 келіге жуық мефедрон тәркіленген. Қазіргі уақытта қылмыстық топтың жекелеген мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Қылмыстық топтың басқа мүшелері, соның ішінде экстрадицияланған күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынғандықтан халықаралық іздеуге жарияланған.
Күдікті өткен жылдың қазан айында Ресей аумағында ұсталған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланып, қазіргі уақытта тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылып отырған қылмыстар бойынша мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұған дейін осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланған.
Айта кетейік, мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланған болатын.