18 жастағы 14,5 мың қарағандылық дауыс беру құқығына ие

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында таңғы сағат 07.00-де сайлау учаскелері ашылды. Өңірде олардың саны – 778, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 жастағы 14,5 мың қарағандылық дауыс беру құқығына ие

Бүгін 920,4 мың сайлаушы өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыра алады, оның ішінде 14 583-і 18 жастағы азаматтар.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Олар сайлау учаскесіне келу үшін инватакси қызметін пайдалана алады.

Алғашқылардың бірі болып Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан №17 сайлау учаскесіне денсаулық сақтау қызметкері Назар Тнімов келді.

«Менің ойымша, дауыс беру – әрбір азаматтың борышы. «Адамдар өз тағдырын өздері таңдауы тиіс» деген жалпыәлемдік тәжірибені көріп отырмыз. Учаскеде ұйымдастыру деңгейі жақсы. Барлығы орынша, санитарлық қауіпсіздік талаптары сақталған», - деп атап өтті ол.

Сайлау учаскелері карантиндік талаптарды ескере отырып дайындалған. Міндетті түрде маскалар, қолғаптар және антисептиктер пайдаланылады. Дауыс беру пунктерінің кіреберісінде кілем жолдарының орнына дезинфекциялық кілемшелер төселді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін еденге белгілер сызылған.


Кіреберісте медицина қызметкерлері мен еріктілер дауыс берушілердің температурасын өлшейді. Егер ол жоғары болып тұрса, ол азамат дәрігер қарауы үшін немесе жедел жәрдемнің келуін күту үшін бөлек бөлмеге оқшауландырылады. Жазбаша өтініш бойынша сайлау комиссиясының мүшелері ол жерге тасымалданатын жәшікті жеткізеді.

Дауыс беру бөлмелері белгіленген мерзімде желдетіліп отырады. Сондай-ақ санитарлық өңдеу қарастырылған.


Айта кетейік, облыстағы үш аймақ эпидқадағалау бойынша «сары аймаққа» кірді. Бұл Шахтинск, Абай және Осакаров аудандары. Мұнда сайлау комиссияларының барлық мүшелері, сенімді тұлғалар мен сайлаушылар ПТР-тестілеуден өтті. Елді мекен тұрғындарына ПТР тестілеу тегін жасалды.