18 жастағы Қарағанды тұрғыны велосипед ұрлау үшін астанаға келіп-кетіп жүрген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының тұрғыны елордаға келіп, бір айдың ішінде 19 велосипед ұрлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

«Күдікті бір айдың ішінде 19 велосипед ұрлаған. Жедел-іздестіру шарасы барысында Есіл ауданының полицейлері тұрғылықты жері бойынша Қарағанды қаласының азаматын ұстады. 18 жасар қарағандылық елордаға бірнеше келіп велосипед ұрлағаны анықталды. Ол негізінен жатақханалар мен ойын клубтарында тұрған. Жас жігіт тұрғын үйлердің кіреберісіндегі және арнайы тұрақтардағы велосипедтерді қолды еткен. Ұрланған велосипедтерді кездейсоқ жандарға нарықтан төмен бағамен сатқан», - делінген полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Хабарламада айтылғандай, тәртіп сақшылары ұсталған азаматтан ұрланған 7 велосипедті тәркіледі.

«Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қалған велосипедтерді іздеп жатыр», - дейді ведомстводан.

Осыған орай қалалық полиция департаменті велосипед ұрлығы оның иелерінің ұқыпсыздығынан болатындығын атап, жеке мүлікті қараусыз қалдырмауды ескертеді.


Соңғы жаңалықтар