18 желтоқсанда өтетін маңызды шараларға шолу
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстан қалаларында 18 желтоқсанда өтетін маңызды шаралар шолуын ұсынады.
НҰР-СҰЛТАН
Сағат 10.00-де Astana HUB ғимаратында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жүзеге асыратын Open API форматындағы қызметтердің, сондай-ақ «Салық әмияны» жүйеснің алдын-ала көрсетілімі өтеді. Іс-шара барысында «Салық әмиянының» жұмысымен Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев таныстырады.
Сағат 12.20-да Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен баспасөз мәслихаты басталады.
Сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2019 жылғы «Алтын Адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтеді. Іс-шара барысында музей қызметі саласында тәжірибе алмасу бойынша шетелдік әріптестерімен кездесу ұйымдастырылады. Баспасөз мәслихатына Алтын Адам 2019 жылы ұсынылған алты музейдің өкілдері қатысады. Қорытынды баспасөз конференциясы аясында белгілі қазақстандық археолог-ғалым, Қазақстанның ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Кемел Ақышевтың туғанына 95 жыл толуына арналған деректі фильм ұсынылады. Іс-шара барысында «Алтын Адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының қорытындысы бойынша фотокөрме ашылады.
Сағат 17.00-де Ұлттық музейде «Қазақ Алтайының қазынасы» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде бірінші рет т.ғ.д., профессор З. Самашевтың орындауымен «Елеке Сазы» қорғанынан табылған жетінші «Алтын адамның» ғылыми реконструкциясы ұсынылады.
Сағат 19.00-де «The Ritz Carlton» қонақ үйінде «Бір әлем – бір өмір» «One world – one life» халықаралық жастар гранд балы ұйымдастырылады. Жобаның мақсаты, қасиетті де киелі қазақ елінің тамыры тереңге жайылған тарихын, өнеге мен тәрбиеге тұнған салт-дәстүрін таныстыру. Нұр-Сұлтан қаласының жастары кеште көпшілік назарына «Полонезадан» бастап, «Жастар вальсіне» дейін барлық би түрлерін ұсынады.