181 млн теңге: суды заңсыз пайдаланғандарға есептелген төлемақы көлемі жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында су лимиті белгіленген облыстарда суды заңсыз пайдалану фактілерін анықтау шаралары жөнінде мәлімдеді.

Су шаруашылығы
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Министрлік мәліметінше, «Қазсушар» РМК Бас прокуратурамен бірлесіп су ресурстарын заңсыз пайдалануды анықтау және жолын кесу мәселелері жөніндегі Жол картасын әзірлеген. Оны іске асыру аясында «Қазсушар» РМК филиалдарында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың жолын кесуге және су пайдалану тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар ұйымдастырылды.

– Осы мақсатта су шаруашылығы объектілерінде, каналдарда, гидротехникалық құрылыстарда және суармалы жер учаскелерінде көшпелі тексеру жұмыстары жүргізіліп, су ресурстарын пайдаланудың шарттық талаптарға сәйкестігі зерделенді, – делінген хабарламада.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Қазсушар» РМК бойынша жалпы 5 533 га алаңды қамтитын 924 заңсыз су пайдалану фактісі анықталды.

– Аталған фактілер бойынша қолданыстағы тәртіпке сәйкес 181,2 млн теңге сомасында су пайдалану төлемақысы есептелді. Оның ішінде заңсыз су пайдалану фактілерінің басым бөлігі Түркістан филиалына тіркелді. Онда 804 факт есепке алынды. Толығырақ айтқанда, Шардара ауданында 2 520 га алаңды қамтитын 423 факт, ал Жетісай және Мақтаарал аудандарында жалпы 1 890 га алаңды қамтитын 381 факт бойынша тиісті материалдар рәсімделді, – делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар, Д. Қонаев атындағы ҮАК, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу филиалдарын және Қаныш Сәтпаев атындағы канал филиалын қоса алғанда, жалпы 120 заңсыз су пайдалану дерегі анықталды.

– Жүргізілген тексеру жұмыстары барысында су пайдалану шарты жасалмай су алу, су ресурстарын өз бетінше пайдалану, сондай-ақ, шартта көрсетілмеген дақылдарды өсіру үшін су пайдалану фактілері тіркелді. Аталған жағдайлар бойынша тиісті материалдар рәсімделіп, қолданыстағы тәртіпке сәйкес төлемақы есептелді. Енді төлемақыны өндіріп алу жөнінде талап қою және сот тәртібімен өндіру жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін бес оңтүстік өңірге су пайдалану лимиті бекітілгенін жазғанбыз.