19 қаңтар. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 19 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

8 желтоқсан. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік дін күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жыл сайын қаңтардың үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Дүниежүзілік дін күнінің басты мақсаты – әлемдік діндердің рухани ұстанымдар үйлесіміне негізделгеніне назар аудару және діннің адамзатты біріктірудегі рөлін атап өту.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1940 жылы Қазақ мемлекеттік шет тілдер мұғалімдері институтының негізі қаланды (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті). Бүгінгі таңда университет Қазақстан және шетел мемлекеттерінде беделді оқу-ғылыми кешендерінің бірі болып саналады.

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

1993 жылы Қазақстан Республикасының «Жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы» Заңы қабылданды.

2010 жылы Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының бастамасымен және қолдауымен Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – орыс тілді мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқытуда инновациялық шешімдерді іздестіру және жасау, қазақ дәстүрлерін көпшілікке тарату, балалардың бойындағы өз еліне деген патриоттық және мақтаныш сезімдерін дамыту.

2010 жылы «Қазақмыс» Лондон қор биржасы алыптары арасында бірінші орынды иеленді. Қазақстандық компания үшін бұл – үлкен табыс. Ол оның менеджментінің кәсібилігін, іске асырылатын жобалардың перспективалығын және әріптестік байланыстардың әралуандығын қуаттайды.

2010 жылы қазақстандық ғалымдар «жасанды тері» – зақым келген теріні қалпына келтіру үшін жасуша трансплантанттарын алудың тәсілін жасап шығарды. Ең алғаш рет күйіктер мен жараларды емдеу үшін адамның терісінен жасуша алынды. Бұл әдіс Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай келіп, Ұлттық ғылыми-медициналық орталықта клиникаға дейінгі тексерістен өтті.

2011 жылы қазақстандық альпинистер КСРО-ға еңбегі сіңген бапкер Ерванд Ильинскийдің басшылығымен Хан тәңірі шыңының басына VІІ қысқы Азия ойындарының жалауын тікті. VІІ қысқы Азиада 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана және Алматы қалаларында өтті.

2012 жылы Нью-Йоркте БҰҰ штаб-пәтерінде сайлау нәтижесінде қазақстандық Марат Сәрсенбаев БҰҰ адам құқығы комитетінің құрамына кірді.

2015 жылы Сеулден Астанаға АРВ чемпиондық титулы жеткізілді. Белдік қара теріден жасалған. Қақ ортасында алтындатқан көпбұрышқа жазылған «APB champion» жазуы, AIBA түсті логотипі бар. Оның оң және сол жағында шағындау «APB», «AIBA Pro Boxing», «60 kg» жазулары бар. Белдіктің салмағы – 2 килограмм 680 грамм.

2017 жылы Қостанай іздеу экспедициясының қызметкерлері Қарабалық ауданында ірі магнетиттік кен орнын тапты. Кеннің болжамды көлемі 30 миллион тоннаны құрайды.

2017 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) техникалық реттеу және аккредитация департаментінің директоры Арман Шаққалиев Американың материалдарды сынақтан өткізу қоғамдастығының (ASTM International) директорлар кеңесінің құрамына енді. ASTM International (American Society for Testing and Materials) – материалдар, өнімдер, жүйелер мен қызметтерге арнап стандарттар шығаратын АҚШ-тың ерікті халықаралық ұйымы. ASTM директорлар кеңесі АҚШ-тың өзге мемлекеттерінде қызмет ететін 25 компания, қауымдастық пен мемлекеттік орган басшыларынан құралады.

2022 жылы Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясында қарулы қылмыскерді ұстап, тұтқындаған марқұм полиция батыры Дархан Базарбаевтың атындағы аудитория ашылды.Қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Қазақстан Республикасының Президенті батыр-полицейді қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. 2020 жылдың желтоқсан айында батыр Дархан Базрабаевтың есімі «Жас қаһармандар» номинациясы бойынша «Жастардың алтын кітабына» енді.

2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар