19 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 19 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Асқар ЖАМБАКИН, «Кселл» АҚ басқарма төрағасы
1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс институтын көп арналы телекоммуникация жүйелері, байланыс кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент (2007); Манчестер университетін, менеджмент және ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша бітірген (2009).
Еңбек жолы: «Эйр Казахстан» ЖАҚ, «GSM Kazakhstan» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ байланыс торабында бірінші санатты байланыс технигі (2003-2007); «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (NEO, Tele2) инженері, аға инженері (2007-2008); «HSBC Bank Kazakhstan» АҚ банк жүйелерін дамыту бөлімінің бастығы, цифрлық маркетинг бөлімінің бастығы (2010-2011); «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ әдіснама және бизнес-процестер бөлімінің бастығы, бизнес-процестер бөлімінің және корпоративтік даму бөлімінің директоры (2011-2014); Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде даму және төлем жүйелерін басқару департаментінің директорының орынбасары (2014-2016); «Қазкоммерцбанк» АҚ-та директордың орынбасары, операцияларды дамыту және тұтынушылық тәжірибе жөніндегі директоры (2016-2017); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жобалық кеңсесінің басшысы (2017); «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі төрағасының кеңесшісі (2017-2018); BI Group — BelnTech, SMARTTAX ЖШС цифрлық бөлімшесінде тұтынушы тәжірибесін стратегиялау және цифрландыру саласында басшылық қызметтерді атқарды (2018-2019); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының штаттан тыс кеңесшісі (2019-2020); «Aitu — Төлем шешімдері» ЖШС бас директорының орынбасары (2020); Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (2020-2024).
Қазіргі лауазымында 2024 жылдың шілдесінен бастап қызмет етіп келеді.
Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ, Рейхстагқа 1945 жылғы 30 сәуірде бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері, Халық Қаһарманы
1924 жылы Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.
1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взводты басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі шайқастарға қатысты.
Лейтенант Р. Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г. Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туын тікті.
Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармасының инспекторы. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған.
Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған.
Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақ тағамтану академиясының президенті, ғалым, гигиенист-нутрициолог, Қазақстандық диетология мектебінің негізін қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі
1930 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.
1958-1962 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары — Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан — КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан — Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады, мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды.
«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л. Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.
Рақымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық қоғамдық академияның академигі, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
1956 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолы: «Орал өңірі» газетінің тілшісі (1978); Атырау облысының Теңіз ауданында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (1978-1980); «Ленин жолы» газетінің (Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) тілшісі (1980-1981); Қазақ КСР Теледидар және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы (1981-1985); «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі (1985-1989); «Жалын» журналының әдеби, көркем және қоғамдық-саяси бөлімінің редакторы (1989-1994); Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы (Бішкек) елшілігінің атташесі (1994-1996); «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Қырғыз Республикасындағы арнайы тілшісі (1996-1997); Ақтаудағы «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясының басшысы (1997-1999); Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының директоры (1999-2002); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі (2005-2009); Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры (2009-2010); Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, «Ақжайық» журналының бас редакторы (2013-2018).
Жазушы қаламынан туған «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» туындылары және таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрген. Шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдеріне аударылған. «Сұлтан Бейбарыс», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» секілді көптеген пьесалары республикалық және шетел театрларында қойылды.