19 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 19 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

93 жыл бұрын (1930) Қазақ тағамтану академиясының президенті, ғалым, гигиенист-нутрициолог, Қазақстандық диетология мектебінің негізін қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шарманұлы ШАРМАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.

1958-1962 жылдары – Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары – Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары – Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан – КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары – Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан – Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы.

Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады, мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды.

«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л. Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.

60 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Мұрат Жалелұлы ҰРЫМХАНОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысы (қазіргі Жетісу облысы) Сарқан ауданы Пограничное ауылында дүниеге келді. КСРО ІІМ Қарағанды ​​мектебін (1985) тәмамдады.

Еңбек жолы: 1985-1986 жылдары – Талдықорған қалалық атқару комитеті ішкі істер бөлімі тергеу бөлімінің тергеушісі; 1986-1988 жылдары – Талдықорған қалалық атқару комитеті ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі; 1988-1989 жылдары – Талдықорған қаласындағы КССР ІІМ Тергеу басқармасының аға тергеушісі; 1989-1990 жылдары – Талдықорған қалалық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімінің аға тергеушісі; 1990-1992 жылдары – Талдықорған қалалық атқару комитеті ішкі істер бөлімінің Социалистік меншік ұрлығымен күрес бөлімінің бастығы; 1992-1994 жылдары – Талдықорған қалалық ішкі істер бөлімі экономика бөлімінің бастығы, Талдықорған облысы Текелі қаласы ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары; 1994-1995 жылдары – Алматы облысы Ішкі істер департаментінің экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары; 1995-1996 жылдары – ҚР Мемлекеттік кеден комитеті Экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің ерекше маңызды істер жөніндегі бөлімінің бастығы; 1996-1997 жылдары – ҚР Мемлекеттік кеден комитеті жедел басқармасы бастығының орынбасары, патрульдік қызмет департаментінің бастығы; 1997-1999 жылдары – Талдықорған облысы бойынша ұйымдасқан қылмыс және есірткі бизнесімен күрес басқармасы бастығының орынбасары, тергеу бөлімінің бастығы, Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары; 1999-2001 жылдары – ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, Көксу ауданы ІІБ тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы Алакөл ауданы ішкі істер бөлімінің бастығы; 2001-2007 жылдары – Алматы облысы Ішкі істер департаменті тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы Ішкі істер департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары; 2007-2010 жылдары – Алматы қаласы Ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары; 2010-2013 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы; 2013-2020 жылдары – Алматы облысы Ішкі істер департаментінің бастығы; 2020-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 5-ші департаментінің басшысы.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдарімен; «ІІМ еңбегі сіңген қызметкері», «Қазақстан полициясына 15 жыл», ІІ дәрежелі «Қайсар», «Қазақстан Республикасының полициясына 20 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.

46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек ХакімұлыТАШЕНЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын бітірген, инженер-экономист (1999); Қазақ гуманитарлық заң университеті, заңгер (2002).

Еңбек жолы: 1999-2002 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің жетекші маманы; 2002-2004 жылдары – Мемлекеттік қарыз алуды және несиелендіруді жоспарлау департаменті бөлім бастығының орынбасары, мемлекеттік қарыз алу мен несиелеуді талдау бөлімінің бастығы; 2004-2006 жылдары – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Инвестициялық саясат және жоспарлау департаменті директорының орынбасары; 2006-2008 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары; 2008-2013 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінде бірқатар басқарманың басшысы; 2013-2018 жылдары – «Оңалту және активтерді басқару жөніндегі компания» АҚ басқарма төрағасы. 2020 жылы «Проблемалық несиелер қоры» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2018 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

43 жыл бұрын (1980) ««QazIndustry» Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ басқармасы төрағасы Берік Темірғалиұлы БЕКЕНОВ дүниеге келді.

Ерейментауда (Ақмола облысы) туған. С. Сейфуллин атындағы аграрлық институтты, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Инженер-механик, экономист.

2012-2017 жылдары ҚР ИДМ Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры болған. 2017-2018 жылдары «Индустрияны дамытудың қазақстандық институты» АҚ басқарма төрағасы, 2018-2020 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Талдау және жоспарлау орталығы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

38 жыл бұрын (1985) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Серікұлы ЖАМБАКИН дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын, 2009 жылы Манчестер университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы «Эйр Қазақстан» ЖАҚ байланыс торабының бірінші санатты байланыс технигі болып бастаған. 2010-2011 жылдары – «HSBC Қазақстан банкі» АҚ ЕБ корпоративтік жүйелер бөлімінің басшысы, директ маркетинг бойынша офицері. 2011-2014 жылдары «Қазақстанның даму банкі» АҚ әдістеме және бизнес-процестер басқармасының басшысы, бизнес-процестер және корпоративтік даму департаменттерінің директоры болып жұмыс істеген. 2014-2016 жылдары – ҚР Ұлттық банкінің төлем жүйелерін басқару және дамыту департаменті директорының орынбасары. 2016-2017 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ департаменті директорының орынбасары, директоры лауазымдарын атқарған. 2017-2018 жылдары – «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» жобалық кеңсе бағдарламаларының менеджері, басқарма төрағасының кеңесшісі. 2018 жылғы мамыр айынан бастап осы қызметке тағайындалғанға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2020 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

99 жыл бұрын (1924-1988) Рейхстагқа 1945 жылғы 30 сәуірде бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері, «Халық қаһарманы» Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ дүниеге келді.

Қазіргі Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.

1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взводты басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі шайқастарға қатысты.

Лейтенант Р. Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г. Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туын тікті.

Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармасының инспекторы. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған. Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған.

67 жыл бұрын (1956-2018) жазушы, драматург Рахымжан ОТАРБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Теңіз ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген.

Еңбек жолын «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бастады. Кейін мектепте мұғалім, Теңіз ауданында радио ұйымдастырушы, Қазақ телерадио комитетінде редактор болды, «Қазақ әдебиеті», «Аруана» газеттерінде, «Жалын» альманахында қызмет етті.

Қырғызстандағы Қазақстан Елшілігінің атташесі, Ақтау облыстық радиотелевизия компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры болған.

Жазушының «Дүние кезек», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры» атты кітаптары, «Абай соты», «Бейбарыс сұлтан», «Әбутәліп әпенді» және жазушы М. Құлкеновпен бірге жазған «Бас», «Жәңгір» пьесалары бар.