19 қыркүйек. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 19 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

19 қыркүйек. Туған күн иелері

null

ЕСІМДЕР

113 жыл бұрын (1905-1983) ақын ТОҚМАҒАМБЕТОВ Асқар дүниеге келді. Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент политехникумын, Мәскеу Баспа институтын бітірген. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған. 1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары жеке кітап болып басылып шықты. Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті. «Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан төңкерісінің қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар Көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды. Қазан төңкерісі, І дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

58 жыл бұрын (1960) «Қазақстан халық банкі» АҚ  Директорлар кеңесінің мүшесі СӘЙДЕНОВ Әнуар Ғалимоллаұлы дүниеге келді. 

Мәскеу қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, аспирантурасын және Лондон университетін бітірген. 1994-1996 жылдары - Еуропалық қайта құру және даму банкінің консультанты, банкирі. 1996-1998 жылдары - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары - ҚР Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитетінің атқарушы директоры, ҚР Инвестиция жөніндегі агенттігінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - ҚР қаржы вице-президенті. 2000-2001 жылдары - «Қазақстан Эксимбанкі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2000-2004 жылдары - «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы. «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ Директорлар кеңесі төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы, 2004-2009 жылдары ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. 2009 жылдан «БТА Банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі, 17 ақпаннан «БТА Банк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы болып тағайындалған. 2011 жылдың 15 тамызынан - БТА банк директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2013 жылғы ақпаннан бастап «SB Capital» ЖШС бақылаушылар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

Ал 2014 жылдың 14 мамырынан бастап директорлар кеңесінің  шешімімен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған болатын.

Әнуар Сәйденов Алматы әуежайының тәуелсіз директоры болып тағайындалды (2014-2016).

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталаған.

2016 жылдың сәуірінен бастап осы қызметі атқарып келе жатыр.

45 жыл бұрын (1973-2003) спортшы, велосипед спортынан халықаралық дәрежедегі шебер, Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі КИВИЛЕВ Андрей Михайлович  дүниеге келді. Талдықорған қаласында туған. 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы, Англияда, Австрияда, Жапонияда, Италияда, Эквадорда, Индонезияда өткен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері.

40 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі аппарат басшысының орынбасары - МЕДЕУБАЙ Дархан Аманбекұлы дүниеге келді.

Білімі жоғары: Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, инженер; Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университеті, қаржы бакалавры. Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қалалық салық комитетінде бас маман болып бастады. 2005-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының бас маманы. 2009-2012 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Бірінші орынбасарының көмекшісі, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты Ұйымдастыру-партиялық жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары. 2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппаратында Халықаралық байланыстар және Хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мәжіліс Төрағасының көмекшісі, Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мәжіліс Төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2014-2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының инспекторы. 2015-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2016 жылдың маусым айынан бастап - ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары.

"Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" мерекелік медалімен наградталған. 

35 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары - ДАРБАЕВ Асан Көбентайұлы дүниеге келді.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің  Алматы қаласы бойынша Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитетiнде жетекші маман лауазымынан бастады. 2006 жылдан бастап монополияға қарсы салада Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы басқарманың бас маманы, бөлім бастығы қызметін атқарды.

2013 жылдан бастап Монополияға қарсы органның орталық аппаратында басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары лауазымында болды.

2015 жылдың маусымынан бастап осы қызметті атқарып келе жатыр.