19 мыңнан астам такси жүргізушісі қызметін заңдастырды – Еңбек министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автоматтандырылған жұмыс орнын енгізіп, еңбек және ұжымдық шарттар жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
«Біздің басымдықтарымыздың бірі – еңбек қатынастарын декларациялау. Біріншіден, кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орнын енгізіп, еңбек және ұжымдық шарттар жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Осы заңның тиісті жобасы әзірленіп, қазан айының соңына дейін сіздердің қарауыңызға енгізіледі», - деді министр Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» атты Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, пилоттық режимде электронды форматта 8,7 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетін 8 мың ұжымдық шарт туралы деректер министрліктің ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Екіншіден, электрондық штаттық кесте жобасы іске асырылуда – бұл ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодтайды, еңбек ресурстарын, жұмыс орындарын құру және еңбек жағдайларын қалыптастыру процесін дәл есепке алуға мүмкіндік береді.
«Үшіншіден, оңайлатылған тіркеу рәсімін енгізе отырып, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу заңнамалық түрде енгізілді. Пилоттық жоба аясында 19 мыңнан астам такси жүргізушісі қосылып, 20 млн астам фискалдық чек жазылды. Бұл – платформалық жұмысшыларды әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне заңдастыру мен интеграциялаудың маңызды қадамы», - деді Еңбек министрі.
Бұған дейін С. Жақыпова елдегі көлеңкелі жұмыс орындары мәселесін көтерген еді.