1,9 млрд теңге: Арқалықта қайтарылған активтер есебінен университеттің оқу корпусы реконструкцияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысы Арқалық қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің заманауи оқу корпусына қайта бейімделген ғимаратты реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
Облыстық прокуратура мәліметінше, жобаның құны 1,9 млрд теңге. Жоба прокуратура органдарының заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысы аясында мемлекетке қайтарылған активтерден қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
– Бұған дейін ғимарат ұзақ уақыт бойы өз мақсатына пайдаланылмаған. Реконструкциядан кейін мұнда 2,5 мыңға жуық студенттің білім алуына және оқытушылардың жұмыс істеуіне заманауи жағдай жасалды. Осылайша, мемлекетке қайтарылған активтер нақты әлеуметтік мақсаттарға бағытталып, білім беруді дамытуға, жастарға заманауи жағдай жасауға және түптеп келгенде, халықтың игілігіне қызмет етіп жатыр, - делінген хабарламада.
Арқалық қаласының прокуратурасы жобаның іске асырылуының заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ бөлінген мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын бақылауда ұстайды.
Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен түскен қаржының басым бөлігі қай өңірлерге жұмсалғанын жазған едік.