19 мыңнан астам қазақстандық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға өтінім берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 19 мыңнан астам қазақстандық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға өтінім берді. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев Ақтөбе қаласына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
None
None

«2016 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банктерге бүкіл Қазақстан бойынша Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 19 мыңнан астам өтінім түсті. Олардың ішінде құны 76 млрд теңге болатын 12 421 өтінім мақұлданды», - деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық Банк бөлінген қаражатты игеру қарқынын ұлғайту мақсатында шаралар қабылдауда. Ақтөбе облысы бойынша берілген өтінімдер саны 1 136 өтінімді құрайды. Оның ішінде 3,7 млрд теңге болатын 760 өтінім мақұлданды.
Ұлттық Банк Басқармасының таяудағы отырысына банктердің қаражатты игеру кезеңін 2016 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуды, банктер мен қаржы ұйымдарын (оның ішінде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ) тізімін кеңейтуді, сондай-ақ басқа да өзгерістерді қоса алғанда бағдарламаны одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар шығарылады.
«Біз қарыз алушыларға проблемалық берешегін өтеуге, атап айтқанда банктерде Ұлттық Банктің, әкімдіктің өкілдерінің және банктердің басшылығының қатысуымен жеке кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ қарыз алушыларды жұмысқа орналастыру мәселелерін қарау арқылы жәрдем ету бойынша облыстық әкімдікпен жұмысымызды жандандыруды жоспарлап отырмыз.
Барлық осы мәселелер бойынша біз Үкіметпен және жергілікті билік органдарымен бұдан әрі бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Ұлттық банк басшысы.
Айта кету керек, Ұлттық Банк ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар