19 шілде күні Қазақстанда өтетін маңызды оқиғаларға шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі 19 шілде күні Қазақстанда өтетін маңызды оқиғаларға шолу ұсынады.
АСТАНА
11.00-де Астана қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру аясында елордадағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі мәселелері талқыланады.
20.30-да «Астана Арена» стадионында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі (Cпорт және дене шынықтыру істері комитеті) мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің футбол командалары (Азаматтарға арналған үкімет) Qyzmet Cup турнирі аясында ойын өткізеді.
АЛМАТЫ
10.00-де Алмалы ауданының әкімдігінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің №5 комиссиясы Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының 2017 жыл мен 2018 жылдың алғашқы жартысындағы жұмысы және Алматы-2020 бағдарламасының мақсатты индикаторлары туралы есебін тыңдайды.
10.00-де «Nomad» бизнес-орталығында «Жауһар» ұлттық дәстүрді қолдау қоры» журналистер мен блогерлерге экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша семинар-тренинг өткізеді.
11.30-да Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Алматы қалалық бөлімшесінің директоры Тілеухан Әбілдаев «Медициналық сақтандыру қорының қызметі туралы» баспасөз мәслихатын өткізеді.
14.00-де қалалық № 33 кітапханада «Латын әліпбиінің болашағы зор» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
13:45-те облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласындағы жылу қазандықтарының жай-күйін бақылап, Тәуелсіздік көшесін қалпына келтіру жұмыстарымен танысады.