19 шілде. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 19 шілде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

19 шілде. Тұлғалар туған күн

70 жыл бұрын (1953) саяси қайраткер, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Людмила Григорьевна ПОЛТОРАБАТЬКО дүниеге келді.

Ресейдің Новосібір облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1977). Заңгер, соттың бірінші квалификациялық санаты бар. Алматы қаласы аудандық сотының іс жүргізушісі, сот атқарушысы, Қазақ ССР Әділет министрлігі Сот органдары басқармасының аға консультанты, Алматы қалалық сотының мүшесі, Алматы қаласы аудандық сотының халық соты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесі болып қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған. 2019 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарімен марапатталған.

6 3 жыл бұрын (1960) филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист Ғалым Төлембекұлы ДОСКЕН дүниеге келді.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдары «Қазақстан республикалық телевидение және радио корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2001-2002); «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы (2002-2006); «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі (2007 жылдан бастап) болып қызмет еткен.

«Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» және т.б. фильмдерінің, «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының, «Жезтырнақ» балеті либреттосының, аудармалардың авторы.

5 9 жыл бұрын (1964) Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы ТӨРЕҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Тайпақ ауданы Есенсай ауылында туған. Білімі жоғары, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын – инженер-экономист, 2004 жылы Каспий қоғамдық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1981 жылы «Есенсай» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1982-1984 жылдары Венгрияда әскери борышын өтеді. Еңбек жолында Теректі аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, Орал қаласындағы жалпы үлгідегі интернат үйінің директоры, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарды. 2008-2010 жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры болды. Ал 2010-2012 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы. 2012-2015 жылдар аралығында Ақжайық ауданының, 2016-2017 жылдары Орал қаласының әкімі болды. Парламент Сенатының депутаты (2017-2022).

Қазіргі қызметінде 2022 жылдан бері. Құрмет орденімен марапатталған.

44 жыл бұрын (1979) «Дара» таланттарды қолдау қоғамдық қорының президенті, «Respublica» партиясының тең төрағасы Нұрлан Нұғманұлы ҚОЯНБАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген (2000); Экономика және құқық, қаржы және несие академиясы (2011); әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, халықаралық қатынастар факультеті (2015).

КВН ойындарына сәтті қатысып, «Astana.kz» (кейін «Қазақтар») КВН Жоғарғы лигасының командасының капитаны болды. 2003 жылы Қазақстанның ең үздік КВНшісі және 2006 жылы Ресейдің ең үздік КВН ойыншысы болып танылды. 2000 жылдардың басында Нұрлан Қоянбаев қазақстандық телевидениеде штаттан тыс сценарист ретінде жұмыс істей бастады. «Алматы – алғашқы махаббатым», «Намыс дода», «Тойбастар», «Қызылстан», «Қызық радиосы», «Шатахана» атты бірқатар ойын-сауық тележобаларына қатысқан. «Қыздар-ай», «Қазақша концерт», «Әңгіме болсын», «Әзіл студиясы» скетч-шоуы, «Ризамын» жасырын камерасы бар шоу тележобаларының авторы әрі продюсері болды. 2013 жылдың 14 қазанында Qazaqstan телеарнасында «Түнгі ток-шоу» форматында көрсетілетін «Tungi Studio Нұрлан Қоянбаев» жаңа бағдарламасының жүргізушісі болды. 2017 жылдың ақпан айында Қазақстан РТРК бас продюсері болды. «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ креатив директоры, «Kazteleproduct» ЖШС және «Большая 8осьмерка» ЖШС тең иесі.