Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

19 тамыз. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар

Бүгін, 19 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

51 жыл бұрын (1975) Республикалық Адвокаттар алқасының төрағасы Мади Жомартұлы МЫРЗАҒАРАЕВ дүниеге келді.

Мади Жомартұлы МЫРЗАҒАРАЕВ
Фото: prokadrykz

Жамбыл облысының Жайылма ауылында туған. Талдықорған заң техникумын (1994) және Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін (1998) заңтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1994-2003 жылдары Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында жұмыс істеді. 2003 жылы адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, 2018-2022 жылдары Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі, 2025 жылдың қарашасынан бастап Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі; Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы, 2026 жылдың қаңтарынан бастап — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың қарашасынан бастап атқарып келеді.

«Кәсібилігі үшін», «Заңгерлік мамандықты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ерен еңбегі үшін» (2026) медальдарымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Асхат Жұмағалиұлы ЖҰМАҒАЛИ дүниеге келді.

Асхат Жұмағалиұлы ЖҰМАҒАЛИ
Фото: gov.kz

Арқалық қаласында туған. 2000 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы. 2001-2010 жылдары прокуратура органдарында түрлі қызмет — Астана қаласы прокуратурасының бас маманы, ҚР Бас прокуратурасының Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, аға прокуроры, ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі лауазымдарын атқарған. 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының кеңесшісі, Тергеу департаменті және сыбайлас жемқорлық туралы істерді ашу және алдын алу департаменті бастығының бірінші орынбасары, Тергеу департаментінің бастығы, 2014-2016 жылдары ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі, 2016-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, 2018-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Тергеу департаменті басшысының орынбасары, 2019 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, 2019-2021 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2021-2022 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы, 2022-2023 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының орынбасары, 2023-2025 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметіне 2025 жылғы қазан айында тағайындалды.

І және II дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталған.

46 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы Қалижан Жеңісбекұлы ҚОБЛАНДИН дүниеге келді.

Қалижан Жеңісбекұлы ҚОБЛАНДИН
Фото: Көліктегі полиция департаменті

Қызылорда облысында туған. 2001 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2006 жылы РФ ІІМ басқару Академиясын тәмамдаған.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 2002 жылы Батыс-Қазақстан облысының ІІБ 9-шы басқармасы экономикалық қауіпсіздік бөлімінің жедел уәкілі лауазымынан бастаған. 2002-2016 жылдары ішкі істер органдарында әртүрлі орта және аға басшылық құрам лауазымдарында қызмет атқарған. 2016-2017 жылдары Қызылорда облысының ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, 2017-2019 жылдары Қызылорда облысы ІІД бастығының орынбасары, 2019-2023 жылдары Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, 2023-2024 жылдары ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2024 жылғы желтоқсаннан бастап атқарып келеді.

75 жыл бұрын (1951-2025) белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханұлы ДҮЗЕЛХАНОВ дүниеге келді.

Ағымсалы Дүзелханұлы ДҮЗЕЛХАНОВ
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1982 жылы В. И. Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтын бітірген. Қолданбалы графика, плакат, кітап безендіру, кескіндеме, портрет жанрлары бойынша еңбек еткен.

Тарихи, фольклорлық тақырыптағы және балаларға арналған 200-ден астам кітапты безендірген. «Алтын сарбаз», «Түркістан», «Ордабасы», «Оғыз хан», «Көроғлы» және т. б. кескіндеме туындыларының, сондай-ақ Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би, Қорқыт және т. б. портреттер сериясының авторы.

Суретшінің туындылары Қазақстанның және шет елдердің өнер мұражайларына қойылған.