1937 жылы атылды деген үкім шыққаннан кейін М.Жұмабаевты Сібірге айдап жіберген көрінеді - М.Шаханов

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақ халқының ұлы перзентінің бірі және бірегейі - Мағжан Жұмабаев. Алла тағала бұл кісіге ерекше ауыр тағдыр берген.

1937 жылы атылды деген үкім шыққаннан кейін М.Жұмабаевты Сібірге айдап жіберген көрінеді - М.Шаханов

Бұл пікірді бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтіп жатқан поэзия марафонында ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов айтты.

Шара барысында сөз алған ақын алдыңғы буын ағалардың бәрімізге үлгі болатын  ерекше қасиеті ұлтжандылығы болғандығын айта келіп, бүгінде қазақтың үлкен бөлігі көлеңкесінен қорқатынын алға тартты. Аумалы-төкпелі заманда өмір сүрген тұлғаларымыз тайсалмай ұлт туралы, ел туралы ойын ешкімнен қаймықпай айта білді.

 «Біз өзіміздің ұлы тұлғаларымыз туралы жан-жақты білуіміз керек. Жалпы, Мағжан Жұмабаев жөнінде көптеген естеліктер жазылды. Дегенмен, ақынның өміріне қатысты көптеген деректерді әлі күнге дейін толық білмейміз. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ақиық ақынды Сібірде көргендігін айтып кеткен. 1937 жылы атылды деген үкім шыққаннан кейін М.Жұмабаевты Сібірге айдап жіберген көрінеді. Бірақ бұл деректің әлі анық-қанығына жеткен жоқпыз», дейді М.Шаханов.

Әңгіме барысында М.Шаханов Әл-Фараби бабамыздың 76 тілде сөйлегені және оның 100-ден астам әнінің барлығы, сонымен қатар Отырардан осы бабамыздан басқа 30 Әл-Фараби шыққандығын атап өтіп, бұл деректердің қазақ халқына осы күнге дейін беймәлім болып отырғанына қынжылыс білдірді.