1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 65 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль тағайындалды - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 27-сі, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде Мемлекет басшысының Жеңіс күнінің 65 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы Жарлығы, сондай-ақ онымен наградтау ережесі мен мерекелік медальдың сипаттамасы жарияланды.
«ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов кеше Қазақстан Конституциясының 15 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Отырыс бейнеселекторлық кеңес түрінде ҚР Конституциялық Кеңесі, Президент Әкімшілігі, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылығы өкілдерінің қатысумен өткен. Комиссия отырысының барысында ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланған. Атап айтқанда, 2010 жылғы тамыздың 30-ында Астана қаласында әскери шеру өткізу және елдің барлық аймағында мерекелік мәдени-бұқаралық, ағартушылық және спорттық шаралар ұйымдастыру жоспары қаралған.
Басылымның «Президент поштасынан» айдарында Елбасының атына түсіп жатқан жеделхаттар берілген. Мәселен, Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы № 249 мектеп-лицейдің директоры Күләш Мергенбаева өз хатында Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында отандық білім беру жүйесіне, соның ішінде интеллектуалдық мектептердің басымдыққа ие болатыны туралы бастамасына ризашылығын білдіріп, «Өзіңіздің бастамаңызбен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ауданымызда 1200 орындық мектеп салынды», деген.
Осы тақырыпты одан ары қозғаған «Казахстанская правда» газетінде Астана қаласының тұрғыны Ішкі істер министрлігінің зейнеткері Махмұт Мейірмановтың жеделхаты басылды. Ол өз хатында Елбасының сара саясаты нәтижесінде Қазақстанның биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болғанын мақтаныш тұтатынын жазған. Сондай-ақ М.Мейірманов Елбасы тарапынан ел игілігі үшін атқарылған және атқарылып жатқан ұлан-ғайыр істерге тоқталып, Мемлекет басшысы зор денсаулық тілеген.
***
«Кеше Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қатысуымен онкологиялық және басқа да сырқаттарды алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін Позитронды-эммисиондық томограф орталығы ашылды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның хабарлауынша, ПЭТ - сәулелер арқылы ішкі ағзалардың суретін ғана емес, сонымен қатар олардың функционалдық жұмысын көруге мүмкіндік береді. Оның басты ерекшелігі, онкологиялық және басқа да ауруларды, олардың клиникалық белгілері көрінбей тұрған кезде анықтай алады. Бұл аппарат Орталық Азия бойынша алғаш біздің елімізде ғана орнатылып отыр.
«Астана ақшамы» газетінің айқара бетінде күйші-композитор Секен Тұрысбековпен арадағы сұхбат «Қазақтың күй өнері тоқырауға ұшырап отыр» деген тақырыппен басылған. Басылым сауалдарына жан-жақты жауап берген күйші «жалпы күй өнерінде заман өзгерген сайын тақырып қана емес, күй ырғағы да өзгеріп отырды. Бірақ күйдің бәрі әсершілдіктен туады. Біз, бәлкім, сол қасиеттен айырылып бара жатқан шығармыз. Бұлай дейтінім, қазір ұлттық өнерді аңсап, шөліркейтіндер азайып барады. Жастар түгіл, үлкендеріміздің өздері берері шамалы, әрсіз, нәрсіз жеңілге ойысуда», деген пікірін білдіре кеткен.
***
«Айналдырған бір айдың ішінде орын алған су апаттары еліміздің төтенше жағдайларға дайын емес екенін айқындап берді. Бұл салада біз бейшара кейіпте тұр екенбіз. Тек су тасқынына емес, орын алуы ықтимал апаттардың кез келгеніне дайындығымыз жоқ екенін аңғардық», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Тоқетері: төтенше жағдайларға дайын болмай шықтық» атты мақаласында. Басылым редакциясы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бөлімшелердегі техникалық ахуалды зерттемек мақсатпен бірнеше облыстағы тиісті мекемеге хабарласып, Шығыс Қазақстан облысынан басқасынан «Бұл - құпия мәлімет» деген жауап алыпты. «Құдай-ау, құпия болатындай трактор мен қайық, тікұшақтар - әскери лайнер я болмаса боинг пен танктер емес қой? «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді». Бәлкім, техникалық құралдардың аздығы мен көнелігін айтудан жасқанған болар», дейді басылым.
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі нөмірі еліміздің түпкір-түпкірінде орын алып жатқан су тасқынына арналған. Мәселен, «Шабан әкімдер жазаға тартылады» деген тақырыппен басылған мақалада Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың шығыс өңірдегі тасқын болған және болатын ауылдармен танысқандығы кеңінен жазылған. Басылымның жазуынша, министрмен бірген болған облыс әкімі Б.Сапарбаев қорытынды кездесуде тасқын болған аймақтардағы әкімдердің жұмысына өте нашар баға беріп, салғырт қараған аудан, ауыл әкімдерінің қандай да бір жауапқа тартылатындығын жеткізген.
Осы басылымның дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы: «Біліп тұрып су тасқынына тосқауыл қоя алмау жергілікті биліктің біліксіздігі ме?» Бұл сұраққа жауап берген сенатор Ғарифолла Есім «осы уақытқа дейін орын алған су тасқынына байланысты оқиғаларды сараптар болсақ, шынымен де, жергілікті биліктің біліксіздік танытқанына куә болып отырмыз. Шынын айту керек, жергілікті атқарушы билік ешқандай да жұмыс жасап отырған жоқ. Ия, су тасқыны - табиғи апат, дегенмен «табиғи апат» екен деп, қол қусырып қарап отыруға бола ма?», десе қоғам қайраткері Амангелді Айталы «барлығына жергілікті билікті кінәлі деуге болмайды. Олар қолдарында бар мүмкіншілігін ғана пайдаланып отыр. Керек десеңіз, ауылдың бюджетінде оңған ақша да жоқ. Су тасқыны түгіл, жауған қарды аршитын да жеткілікті техникалық құрал-жабдықтар жоқ. Осындай жағдайда «жалаң қолмен от көсе» деп қалайша нұсқау беруге болады?!» депті.
***
«Шынайы ғылым іздеп жүргендерді қазіргі кездің Дон Кихоттары деуге болады». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің «Ақ сөйле!» айдарында жарық көрген сұхбат М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақовамен арада өрбіген. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның сенбілік санынан оқи аласыздар.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тың бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша жақында үкім шығарған Астана қаласы, Сарыарқа ауданының № 2 аудандық сотының судьясы Нұржан Жолдасбеков пен мемлекеттік айыптаушы Әкім Адай кеше БАҚ өкілдерін шақырып, баспасөз мәслихатын өткізді. Осыған орай «Айқын» газетінде «Соттан кейінгі сұрақтар немесе «Жәкішев ісінің» мән-жайы» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, алдын ала тергеу барысында тәркіленген Жәкішевтің пара ретінде алған ақшалары, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» АҚ вице-президенттеріне, департамент директорларына, құрылымдық бөлімшелер мен еншілес кәсіпорындар басшыларын заңсыз жолмен төленген, кейін өз еріктерімен қайтарған ақшалардың барлығы, атап айтқанда 19 млн. 159 мың 900 теңге, 2 млн. 739 мың 948 АҚШ доллары, 144 мың 700 еуро, 1 млн. ресей рублі және 450 ағылшын фунт стерлингі мемлекет кірісіне қайтарылған.