1945 ж. 2 мамыры: Берлин гарнизоны қарсыласуды тоқтатты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1945 жылдың 2 мамырында, соғыстың 1411 күні, Берлин гарнизоны қарсыласуды тоқтатты. Неміс әскерлері жаппай тұтқынға беріле бастады. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 4 мамырындағы (жұма) №86-шы санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде жария етілді.

1945 ж. 2 мамыры: Берлин гарнизоны қарсыласуды тоқтатты

Дәлірек, Мәскеу уақыты бойынша 00:40 минутта 8-ші гвардиялық армияның 79-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының радиостансасы немістердің 56-шы танк корпусынан орыс тілінде мынадай радиограмма алады: «Алло! Алло! Сөйлеп тұрған 56-шы танк корпусы. Оқ атуды тоқтатуды сұраймыз. Берлин уақыты бойынша 12 сағат 50 минутта Потсдам көпіріне парламентер жібереміз. Тану белгілері - қызыл түстің шеңберіндегі ақ түсті жалау. Жауап күтеміз». 12 сағат 50 минут, яғни 00 сағат 50 минут, Мәскеу уақыты бойынша түнгі 2 сағат 50 минутқа сәйкес келеді. Радиограмма тез арада 8-ші гвардиялық армияның қолбасшысы, генерал-полковник В. Чуйковқа жеткізіледі. Ол тез арада оқ атуды тоқтатуды бұйырып, елшілерді қабылдауды бұйырады. Содан, 2-ші мамырға қараған түні сағат 2:00-де Клукк штрассе ауданындағы көпірге 56-ші танк корпусының штаб бастығы, полковник Дуфвинг бастаған парламентерлер келеді. Ол 56-шы танк корпусының командирі, Берлинді қорғаушы гарнизонның қолбасшысы, артиллерия генералы Гельмут Вейдлингтің атынан корпустың қарсылықты тоқтатып, тізе бүгетіндігін мәлімдеді. Келіссөз барысында қару-жарақтарды тапсыруға 3-4 сағат кететіндігі анықталды. Ал таңғы сағат 6:00-де 8-ші гвардиялық армияның командалық пунктіне екі генералымен Вейдлингтің өзі келіп, тұтқынға берілді. Ол осыдан 6 күн бұрын Гитлердің бұйрығымен Берлинді қорғаушы әскерлердің қолбасшысы болып тағайындалғандығын және тізе бүгу туралы шешімді Геббельстің рұқсатынсыз өз еркімен қабылдағандығын мәлімдеді. Осы жерде Геббельстің өзін-өзі өлтіргені де мәлім болды. Бұдан кейін Вейдлинг өзінің қол астындағы әскерлерге қарсыласуды тоқтату туралы бұйрық береді. Бұл бұйрық радио және дауыс зорайтқыш арқылы дұшпан әскерлеріне жеткізілді. Содан көп ұзамай неміс әскерлері жаппай тұтқынға беріле бастайды. 2 мамыр күні кешке қарай 8-ші гвардиялық армия қала орталығын толығымен жаудан тазартты. Ал қолға түсуден бас тартқан бөлімшелер батысқа қарай өтіп кетуге тырысты. Бірақ көбісі талқандалды немесе жеке топтарға бөлініп тасталды. Кеңес ақпарат бюросының мәліметі төмендегідей: «Маршал Г. Жуков басқарған 1-ші Белорус майданының әскерлері 1-ші Украин майданы әскерлерінің көмегімен қиын-кескі көше ұрыстарынан кейін, немістердің Берлин әскер тобын талқандауды аяқтады. Сөйтіп 2 мамыр күні Германияның астанасы - неміс империализмінің орталығы неміс шапқыншылығының ордасы Берлин қаласын толығымен алды. 2 мамыр күні кешкі 21 сағатқа дейін БЕРЛИНДЕ 70 000 астам неміс солдаты мен офицері қолға түсті. Олардың арасында БЕРЛИН қорғанысы бастығы жанындағы ерекше тапсырмаларды орындайтын генералдар - генерал-лейтенант Курт Веташ және генерал-лейтенант Вальтер Шмидт-Данкварт, ставка өкілі вице-адмирал Фосс, БЕРЛИНДІ қорғау штабының бастығы полковник Ганс Рехиор, 56-шы неміс танк корпусының бастығы, полковник Теодор фон Дифвинг бар. Сонымен қатар, Геббельстің үгіт-насихат және баспасөз бойынша бірінші орынбасары, философия және тарих докторы Фриче, баспасөз жетекшісі, философия және тарих докторы Клик, үкімет кеңесшісі, философия және тарих докторы Хайнрихсдорф та қолға түсті. Фриче жауап алу барысында Гитлер, Геббельс және жаңадан тағайындалған Бас штабтың бастығы, жаяу әскер генералы Кребстің өздеріне өздері қол жұмсап өлгендерін айтты. БЕРЛИННІҢ оңктүстік-шығысында 1-ші БЕЛАРУСЬ және 1-ші УКРАИН майданының әскерлері қоршауға алынған неміс әскерлерін талқандауды аяқтады. 24 сәуір мен 2 мамыр аралығында бұл ауданда біздің әскерлер 120 000 аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсірді. Осы уақыт аралығында немістер 60 000 астам адамынан айрылды. Қолға түскендер арасында 9-шы неміс армиясы қолбасшысының орынбасары, генерал-лейтенант Бернгард, СС 5-ші танк корпусының командирі генерал-лейтенант Эккель, СС 21-ші неміс танк дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Маркс, СС 21-ші неміс танк дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Маркс, 169-шы неміс жаяу әскер дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Радчий, ОДЕР-дегі ФРАНКФУРТ қамаланың коменданты, генерал-майор Биль, немістердің 11-ші СС танк корпусының артиллерия бастығы, генерал-майор Штраммепр және авиация генералы Цандер бар. Біздің әскерлер 304 өздігінен жүретін зеңбіректі, 1500 астам дала зеңбірегін, 2180 пулемет, 17600 автокөлік және басқа да көптеген соғыс мүліктерін олжалады. БЕРЛИННІҢ солтүстік-батысында 1-ші БЕЛАРУСЬ майданының әскерлері шабуылдай отырып, НОЙ-РУППИН, КИРИТЦ, ВУСТЕРХАУЗЕН, НОЙШТАДТ, ФЕРБЕЛЛИН, ФРИЗАК қалаларын алды. 2-ші БЕЛАРУСЬ майданының әскерлері шабуылды күшейте отырып, немістердің Балтық теңізі бойындағы маңызды әскери-теңіз базалары - РОСТОК және ВАРНЕМЮНДЕ қалаларын және РИБНИТЦ, МАРЛОВ, ЛААГЕ, ТЕТЕРОВ, МИРОВ қалалары мен АЛЬТЕНПЛЕН, РЕХТЕНБЕРГ, ФРАНЦБУРГ, ТРИБЗЕС, ЗЮЛЬЦЕ, ДАРГУН, ТЮРКОВ, ЯБЕЛЬ, ЦЕХЛИН, ГЕРЦ-ШПРУНГ ірі елді мекендерін алды. 1-ші мамырда болған ұрыстар барысында майдан әскерлері 5450 неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 78 ұшақ пен 178 дала зеңбірегін олжалады. 4-ші УКРАИН майданының әскерлері Батыс Карпат өңірінде шабуыл жасай отырып, ЛАСКОВ, ОРЛОВА, ДЕМБОВЕЦ, ГОРДЗИШУВ, ТУРЗОВКА, ДЛГЕ ПОЛЕ, ВЕЛИКОЕ РОВНЕ, ШТЯВНИК, ПАПРАДНО, МОДЛАТИН елді мекендерін ұрыспен алды. 1-ші мамырда болған ұрыстарда майдан әскерлері 5000 астам неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 169 дала зеңбірегін олжалады. 2-ші УКРАИН майданының әскерлері БРНО қаласының шығыс жағында шабуылд жасай отырып, БРУМОВ, ВАЛАСШКЕ, КЛОБОУКИ, СЛАВИЧИН, ЛУГАЧОВИЦЕ, БРЖАЗУВКИ, УГЕРЕСКИ ГРАДИШТЕФ, НАПАЕДЛА елді мекендерін ұрыспен алды».